Қарағандыда ұлттық киімдер мен қолөнершілер көрмесі өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда ұлттық киімдер мен қолөнершілер көрмесі өтуде

22.03.2018

Биылғы мерекелік шара ерекше мазмұнға ие. Кеншілер шаһарынан тілшіміз Руслан Нұрланұлы тікелей байланысқа шықты.  

Жылдағы дәстүр бойынша Қарағандыдағы орталық демалыс саябағында мерекелік шара ұйымдастырылды. Биылғы ерекшелігі сол, Наурыз тойы алаңы 7 тақырыптық аумаққа бөлінген. Себебі, 7 саны халқымыз үшін киелі саналады. Бұл аумақтардың ең үлкені театрландырылған қойылым жүріп жатқан сахна. Ал, оның екі қанатында 20 киіз үй тігілген. Олардың әр біреуінде «бесікке, салу», «тұсау кесу», «қырқынан шығару» сынды салттарымыз көрсетіліп жатыр. 

Ал, Наурыз алаңындағы басқа аумақтарға келер болсақ, олардың әрқайсысы өздігінше ерекше. Мысалы, ұлттық тағамдар асханасынан көпшілік Наурыз көжеден дәм татып, ақжарма тілектерін айтуда. Сондай-ақ, ұлттық киімдердің, қолөнершілердің көрмесін де осы жерден тамашалай аласыз.

Ұлттық спорттық ойындарымыз мереке көркін қыздыра түсті. «Арқан тарту», «Асық ату», «Қазақша күрес», «Тоғызқұмалақ», «Ләңгі тебу» сынды сайыстарға қатысқан жұрт мәре-сәре. Жалпы, облысқа қарасты 9 қала мен 9 ауданның барлығында Ұлыстың ұлы күні осындай кең ауқымда тойлануда.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу