Бішкек қаласында Наурыз мерекесі атап өтілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бішкек қаласында Наурыз мерекесі атап өтілуде

21.03.2018

Бүгін Ұлыстың ұлы күнін көрші Қырғыз елінің жұрты да қарсы алып жатыр. Республика көлемінде мерекелік шаралар легі толастар емес. Себебі, жыл басын айрықша атап өту - ежелгі дәстүр. Ал, көктем мерекесінің сәнін кіргізіп, мәнін ашқан мазмұнды шарада ұлттық киімдерін киген көпшілік ақ дастарханға жайылған тағамнан дәм татты. Бірін-бірі Жаңа жылмен құттықтап, көптен көрмегендер төс қағыстырып, амандық-саулық сұрасты.

Алмат Әбдіраман, тілші:

- Асқаралы Алатаудың арғы беті мен бергі бетін ен жайлаған қазақ пен қырғыз бұрыннан төскейде малы, төсекте басы қосылған халық. Бүгінде айыр қалпақты ағайынмен біздің рухани туыстығымыз бен мәдени байланысымыз және саяси-әлеуметтік қарым-қатынасымыз еш үзілген емес. Ал, достығымыз күн санап артып келеді. Біз тұрған Бішкек шаһарының орталық «Алатау» алаңында танымал өнер ұжымдары халыққа концерт қойып, театрландырылған қойылым ұсынып жатыр. Айта кетерлік бір ерекшелік, Наурыз мерекесінде сәби туса қырғыздар оған «Наурыз» есімін берген. Ал, қар жауса жақсылықтың нышаны деп білген. Десек те, бүгін күн шайдай ашық. Көпшіліктің жүзінен мерекелік көңіл күй сезіліп тұр.

Алаңға жиналған халықта есеп жоқ. Көпшілік Қырғыз елін мекендеген түрлі диаспора өкілдерінің жәрмеңкесін тамашалады. Әсем ән тыңдап, өзге ұлттың биін де биледі.

Қазақ, қырғыз, өзбек халқында бұрыннан айтылатын «Самарқанның көк тасы жібитін күн» деген тәмсіл бар. «Осы күні ізгі тілек айтып, жұртшылық Жаңа жылдың басталуын күтеді. Әрі табиғаттың оянып, жаңғыруын кіршіксіз көңілмен қарсы алады», - дейді қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан Бішкектің тұрғыны Нәбира.

Ел астанасы Бішкекпен бірге әр аймақтағы ауылдарда Наурыз мерекесін тойлап жатыр. Біз де шаһардан алыс емес Манас ауылына ат басын бұрдық. Олар да мейрамға ерекше әзірленіпті. Қырғыздың ұлттық тағамдарының бірі «Сүмеләк» дайындап, абыр-сабыр болған апалардың ісіне куә болып, артынша астан дәм таттық. Ал, мұны қазақ халқы «Наурыз көже», дейді.

Осыдан кейін сегіз қанатты киіз үйге бас сұғып, әжелерге сәлем бердік. Артынша Шайлаубек жыршының орындауындағы «Манас» жырын құмарта тыңдадық.

Алмат Әбдіраман, тілші:

- Дәл бүгін Ұлыстың ұлы күнін «Манас» жырынсыз елестету мүмкін емес. Ал, атақты ғалым Шоқан Уәлихановтың Ыстықкөл сапарын жазуы, «Манас» жырын хатқа түсіруі осы қазақ пен қырғыз арасындағы рухани байланыстың беріктігін көрсетеді.

Осылайша, Қырғыз елі Наурыз күнін айрықша атап өтті. Әр жерде ұйымдастырылған шараларға куә болған бізге көрші ағайын қазаққа деген ыстық сәлемін де жеткізді.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу