Республикалық бюджет шығыстарының көлемі бекітілген мөлшерден 408 миллиард теңгеге артады. Бүгін Сенат 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілген түзетулерді қабылдады.
Қосымша қаражат теңге бағамының өзгеруіне байланысты, сондай-ақ, Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды орындау үшін қарастырылып отыр.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың дерегіне сүйенсек, биыл республикалық бюджет шығыстары 7 триллион теңге көлемінде болады.
Ал, қосымша бөлінетін 408 миллиард теңге - әлеуметтік жәрдемақы мен азаматтық қызметкерлердің жалақысын және мемлекеттік грант есебінен білім алатын студенттердің шәкіртақысын арттыруға жұмсалады.
Бұдан бөлек, «Балапан», «Қолжетімді тұрғын үй-2020», «Агробизнес-2020», сондай-ақ, EXPO-2017 көрмесін ұйымдастыру жұмыстарына бөлінетін қаражат мөлшерін де көбейту көзделіп отыр.
Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі:
Теңге бағамы 20 пайызға өзгергеннен кейін барлық бағаны 20 пайызға өзгерту ойымызда жоқ. Ал, осы бюджетке кірмеген шығыстарды 2015-2017 жылдарға дайындалып жатқан республикалық бюджет жобасына енгізетін боламыз.
Нұрбек БЕКБАУ