Әлем бойынша МАЙС туризмнің, яғни, іскерлік туризмнің болашағы зор. 2020 жылға қарай дәл осы іскерлік туризм мол табыс әкелетін саланың біріне айналуы мүмкін. Сондықтан, Қазақ елі де осы үрдісті ескере отырып, МАЙС туризмнің дамуына ерекше көңіл бөле бастады. Мәселен, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы өзінің осы бағыттағы алғашқы қадамы ретінде Мәскеуде арнайы роуд-шоу өткізді. Шараға 50-ге тарта ресейлік туристік операторлар мен ивент агенттік өкілдері келді. Жиында еліміздегі туризм саласына жауапты ұлттық компания қызметкерлері, Қазақстандағы іскерлік туризм нысандарын көпшілікке жан-жақты таныстырды. Содан соң, қазақстандық және ресейлік туристік компаниялар B2B форматында, яғни бетпе-бет отырып, ынтымақтастықты арттыру жайлы келіссөздер жүргізді.
Светлана Ануфриенко, Ресей аймақтары туристік қауымдастығының бас директоры:
- Қазір біз ресейлік азаматтардың Қазақстанға ерекше қызығушылығын байқап жүрміз. Себебі, соңғы кездері Қазақстан тарапы өзінің туристік әлеуетін кеңінен насихаттап, бұл тақырыпта көп шаралар өткізіп жатыр. Осы ақпараттық жұмыс біртіндеп өз нәтижесін бере бастады деп ойлаймын.
Ақбота Қалиева, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы Оқиғалы шаралар мен жобалар департаментінің бас менеджері:
- Біздің елімізде саясат, экономика немесе спорт саласындағы түрлі шараларды өткізуге болатын тиісті инфрақұрылым бар. Мәселен, әлемдік деңгейдегі қонақүйлер, түрлі конференцияларға арналған сарайлар, халықаралық талап бойынша салынған спорт кешендері. Осының бәрін «кез келген деңгейдегі шараны ұйымдастыруға арналған алаң» ретінде шетелдіктерге жалға ұсынатын болсақ, қазынаға қомақты қаржы түседі.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ