Мереке күндері Астанада бір мың литр наурыз көже дайындалып, келушілерге тегін таратылады. Ал, жүзге жуық өнерпаз елорда көгін ән мен күйге бөлеп, тойшылап келген әрбір қонақты ертегі кейіпкерлері қарсы алады. Жалпы, Ұлыстың ұлы күні қаланың бес жерінде кең көлемде тойланады.
Мейрамға арналған негізгі шаралар «ЭКСПО» көрме кешенінің аумағында өтеді. Мұнда этноауыл ұйымдастырылып, қонақтар ұлттық ойындарға қатыса алады. Сондай-ақ, театрландырылған қойылым тамашалап, тазы мен төбеттер көрмесін қызықтайды.
Нарима Мұхамбеталина, Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы алаңда биыл бірнеше қазақ үйден тұратын музей де ұйымдастырылады. Бұл музейдің экспозициясында ежелгі түркі жазбасы мен мәдениеті көрсетіледі. Ұлттық аспаптар мен кілемдер және де қазақтың ұлттық этнографиясын көрсетеміз деп жоспарлап отырмыз.
Бұл - этноауылдағы тайқазан. Бұған тұрғындар тегін дәм тату үшін мың литр көже дайындалады. Тек, кешікпей барсаңыз болғаны. Есте болсын, «ЭКСПО»-дағы Наурыз ертең түскі сағат 13:00-де, бүрсігүні таңғы 10:00-да басталады. Ал, «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда өтетін мерекелік шаралар екі күн бойы сағат 10:00-да басталып, 16:00-ға дейін жалғасады. Мұнда келушілер алтыбақан теуіп, киіз үй қалашығындағы тұрғындардың өнерін тамашалайды.
Нарима Мұхамбеталина, Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Биыл «Дала қазығы» тарихи ортағасырлық жекпе-жектен халықаралық турнир өтеді. Оған Қазақстан, Ресей, Украина, Өзбекстан және Қырғызстаннан 80-нен астам реконструктор келеді деп күтілуде. Әрине, бұл астаналықтар мен қонақтар үшін өте қызықты болады деп ойлаймыз.
Аталған алаңдардан бөлек, Ұлыстың ұлы күні «Студенттік саябақ», «Жастар» театры және қалалық алаңда аталып өтеді. Сонымен қатар, мәдени мекемелер үш күн бойы жұмыс істейді.
Досымжан ЕРМҰРАТ