Алматы Энергетика және байланыс университетінде «Рухани құндылықтар діни экстремизмнің қалқаны» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда елімізге белгілі дінтанушылар өздерінің пайымды пікірін айтып, жиынға қатысушыларды салт-дәстүрімізді жетік меңгеруге шақырды. Өйткені, өзінің ұлттық руханиятына терең тамыр жібере алмаған мемлекеттердің тынышы кеткендігін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Осы себепті, ғалымдар университет тәлімгерлерін қоғамдық ғылымдарға ден қоюға шақырды. Негізінен техникалық бағытта оқитын студенттер көп жағдайда ұлттық тәрбиеге баса назар аудара бермейді. «Сондықтан, олар әлеуметтік желілердегі жазбаларға тез сенгіш», - дейді мамандар. Енді жаратылыстану және техникалық бағытта оқитын студенттер үшін салт-дәстүрімізді дәріптейтін осындай шаралар жиі ұйымдастырылмақ.
Қуаныш Мұхамеджан, Алматы Энергетика және байланыс университеті Рухани және дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі:
- Діни экстремизмге қарсы қоятын бір-ақ амал бар. Ол осы ғасырлар қойнауынан келе жатқан халықтың өзінің төл рухани құндылықтары және дәстүрлі Исламның негізгі қағидалары.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ