Елорда әкімі есеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда әкімі есеп берді

28.02.2018

Астана аспанын торлаған түтін, сапасыз салынған үйлер, қоғамдық көліктер, емханалар мен балабақшалардың жетіспеуі. Елордада бір жылда қордаланып қалған мәселелер қала әкімінің халық алдындағы есебі кезінде талқыланды. Мыңнан астам астаналық арыз-шағымдарын қала басшысына жеткізуге асықты. Алайда, үш сағатқа созылған жиынның өзі жиналғандардың мұң-мұқтажын толық тыңдап шығуға жетпеді.

Арқаның жері де құт, желі де құт. Астаналықтар әсіресе, соңғысының қадірін қыстыгүні ерекше біледі. Өйткені, жел еспесе, елорда көк түтін астында қалып, тұншығады. Бұл мәселе қала әкімінің есебінде жылда көтеріледі. Биыл да тұрғындар таза ауаны аңсайтындарын айтып қалды. Әсет Исекешев бұл түйткілдің түйінін көп ұзамай шешуге уәде етті. Өйткені, «жасыл энергияны» арқау еткен ЭКСПО-дан кейін көмір жағып, көк түтінге улану – үлкен сын. Сондықтан, әкімдіктегілер жыл соңына дейін Астананың кей аудандарына газ келетінін айтып, сүйіншіледі.

Ербол Төлеуов, қалалық Энергетика басқармасының жетекшісі:

- ТЭЦ-3-тер газға көшіріледі. Көктал бірінші кезекке жатады.

Миллионнан астам тұрғыны бар мегаполистің мәселесі де аз болмайтыны анық. Қала өсіп жатыр. Ғимараттар мен тұрғын үйлер құрылысы тоқтар емес. Әкімнің айтуынша, үш жылда жаңа үйлердегі пәтерлер құны 10 процентке төмендеген. Алайда, бас қалада баспана алғанымен, сапасына көңілі толмайтындар көп.

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

- Шағым көп. Құрылыс сапасын жақсарту – біздің мақсатымыз. Әр жағдай бойынша комиссия құрамыз. Бәрін тексереміз. Тиісті шараларды қабылдаймыз.

Мүгедектер мүддесі де жиі сөз етілді. Үш бірдей баласы жарымжан болған ананың жан айқайын әкім елеусіз қалдырмады. Қоғамдық көліктерде мүгедек балалардың қамқоршыларына да тегін жүруді қарастырамын деп уәде етті. Тағы бір тұрғын зағиптар мен құлағы естімейтін жандардың тілектерін жеткізді.

Әсет Исекешев мүгедектердің мәселелеріне де баса мән берілетініне сендірді. Былтыр қолға алынған «Астана – рухы мықты жандардың қаласы» бағдарламасы да соған арналған.

Бірнеше жыл бойы үміттерін үзбей жүрген үлескерлер де үш сағатқа созылған жиын аяқталғанша үнсіз отырмады. Атышулы «Азбука жилья» нысандарының құрылысы да, жыры да бітер емес. Елорда басшысы бұл мәселені бөлек талқылауға сөз берді. Ал, арызы да, алғысы да мол астаналықтар әкімді қаумалап алып, мүмкіндікті мүлт жібермей жатты.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу