Алматы қаласының әкімі есеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласының әкімі есеп берді

21.02.2018

Алматы - өзге қалаларға қарағанда даму жағынан көш бастап тұр. Себебі, экономикалық өсім шикізатқа тәуелді емес. Алматылықтар шағын және орта бизнесті өркендетіп, жергілікті бюджеттің бүйірін толтырып отыр. Инвесторлар мен туризм қала экономикасының еңсесін тіктеді. Ал, экологиясы соңғы жылдары біраз түзелді. Десек те, түгел дерлік шешілді деуге де келмейді. Тұралаған тірлік те аз емес.

Алматы облысынан Алматының аумағына кіргеніне бірнеше жыл өтсе де, сол елді мекендерде әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселе көп. Мәселен, Ақжар шағын ауданы. Онсыз да таза ауызсудан тарыққан жұрт іргесінде тұрған көгілдір отынға қолдары жетпей отыр. Ал, кәріз құбыры деген атымен жоқ. Сондықтан, қалаға қосылып, қарық боламыз деген жұрттан маза қашқан.

Нариман Керімқұлов, қала тұрғыны:

- Бір жарым ай болды су жоқ. Су құбыры қатып қалған дейді. Күніне бір рет келеді. Келмесе, қаланың орталығынан тасимыз. Ал, көлігі жоқтар тұрмысқа қардың суын қолданады.  

Алматының ең басты проблемасы - экология. Ал, оны оңтайландыру үшін жергілікті биліктегілер Үлкен Алматы айналма автожолының құрылысын биыл бастамақшы. Бұл жоба іске асса, көлік кептелісі азаяды. Есепті жиында ел-жұрт қала әкіміне көкейкесті сұрақтарын да қойды.

Алматы - ірі мегаполис. Сондықтан, түйіні күрмеулі түйткілдер көп. Мұны әкім де жасырып, жоққа шығармады. Сондықтан, проблемаларды шешу үшін әр ауданның басшыларына нақты тапсырма берді. Төрт сағатқа созылған жиында талайды мазалаған баспана мәселесі, коммуналдық қызметтердің бағасы да сөз болды. Ал, әкімнің осы есебіне қатысқан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев алматылықтарға Елбасы Жолдауының басым бағыттарын түсіндірді.  

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Елбасының биылғы Жолдауын уақытылы әрі оңтайлы іске асыру мақсатында біз қала экономикасына қосымша тың серпін беріп, шаһарымызды ажарландыра түсетін Алматыны дамытудың 50 драйвері жобасы бастамасын іске асыруды қолға алдық. Осы тұста жаһандану заманында халқымыздың ұлттық болмысын сақтап қана қоймай, замана үдесінен шыға білетін бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудың дара жолы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орны ерекше.

«Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру үшін мегаполисте мүмкіндік мол», - дейді әкім. Өйткені, қалада 38 университет және 30-дан аса ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Барлығы дерлік, өндірісті ғылымға бағыттау арқылы осы заманғы технологияларды игеріп, цифрлы жүйеге көшуге ден қойып отыр.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу