Шымкент қаласында ата-аналар перзенттерін балабақшаға бере алмай отыр. Өйткені, облыс орталығындағы бөбекжайлардың төлемақысы бірден 3 мың 244 теңгеге өсіп кетті. Осылайша, ата-ана әр баласы үшін енді балабақшаға 11 мың 614 теңге төлеуі тиіс. Бұл әсіресе, көпбалалы отбасыларға ауыр тиді.
Аружан мен Дидар бұған дейін балабақшаға баратын. Қазір күн ұзаққа үйден шықпайды. Әпкесі мен сіңлісі балабақшада үйренгендерін айтып, бір-бірімен ойнайды. Өйткені, төлемақы құны қымбаттағасын ата-анасы бүлдіршіндерді бақшаға жібермей қойған.
Гауһар Байтемірова, қала тұрғыны:
- Бірден 11 мың 500 теңгеге көтергені өте қиын болды. Осы айдан бастап тіпті, балабақшаға баласын бергісі келмейтіндер көбейген шығар. Қыздарымыз балабақшасын сағынып отыр. Берейік десек, ойланып жүрміз.
Білім бөлімінің айтар уәжі, мұндай өзгеріске аймақта азық-түлік бағасының өсіп кетуі себеп. Соның салдарынан балаларды белгіленген нормада азықтандыру мүмкін болмай қалған. Балабақша балаларына тамақ жеткізіп беруді тендерде жеңіп алған кәсіпкерлер де осыны айтып шағымданған.
Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы:
- Ата-аналар төлемақысының құны сол кездегі статистикалық есеппен салыстыратын болсақ, тамақтардың өсімімен есептеп келгенде құнының өсуі байқалып, бүгінгі күні үлкен өсу деңгейі анықталды.
Алайда, өңірде азық-түлік бағасы білім бөлімінің басшысы айтқандай болмай шықты. Бүгінде тұрақтандыру қорында 1 млрд 800 миллион теңгенің азығы сақтаулы. 4 мың тоннаға жуық картоп пен пияз, ет пен макарон бар.
Ердәулет Орманов, «Оңтүстік» азық-түлік компаниясы ЖШС басшысы:
- Былтырғымен салыстырғанда биыл баға 30 пайызға арзан. Картоп 85, сәбіз 80, пияз 50 теңгеден. Етіміз 1 мың 390 теңгеден сатылып жатыр.
Шымкентте балабақшаның айлық төлемақысы бас-аяғы бес жылдың ішінде осымен үшінші рет көтеріліп отыр. «Бұл жолғы өзгеріске азық-түлікті себеп ету негізсіз», - дейді, тұрғындар. Өйткені, облыс орталығынан өзге қала мен аудандарда төлем сол қалпы.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ