«Astana Hub» халықаралық технопаркі ІТ-стартаптар үшін тегін бағдарламаны іске қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Astana Hub» халықаралық технопаркі ІТ-стартаптар үшін тегін бағдарламаны іске қосты

07.02.2018

Осының арқасында дарынды мамандар мен қызықты жобалары бар кәсіпкерлер білімдерін толықтырып, сарапшылардан кеңес алуға, инвесторлармен танысуға мүмкіндік алады. Бағдарламаның ресми ашылу салтанатына Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та қатысты.

Жанармай үшін көліктен шықпай-ақ төлеу. Технологиялар дәуірінде төлемдерді телефон арқылы жасау – заман талабы. Қарағандылық өнерпаздар көлік жүргізушілері үшін арнайы бағдарлама жасап шығарды. Оны смартфонға жүктеп алған адам бекетте кезек күтпей, қағаз ақшаны шығармай-ақ жанармай құйғыза алады. Қанатқақты жоба Қарағандының бірнеше бекетінде енгізіліп қойған. Қазір идея авторлары ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Айдар Садыров, жоба авторы:

 - Машинадан шықпай, телефоныңызды автоматты түрде станцияға қосасыз. Өзіңізге керек жанармайды таңдайсыз да карточка арқылы ақшасын төлейсіз. Ол 3 секундтан 7 секундқа дейін уақытты алады.

Осы сынды тың идеяларды «Гараж» деп аталатын бағдарламадан табуға болады. «Astana Hub» технопаркі әзірге ресми ашылмағанымен, осындай тұңғыш жобасын ұсынып отыр. Оның аясында стартаптары бар өнерпаздар ІТ мамандарынан тегін кеңес алып, инвесторлар, ірі корпорациялармен таныса алады.

Қазірдің өзінде 150 адам өтініш білдірген екен. Ұйымдастырушылар тың ойымен таң қалдыра алатын талантты адамдарды осы жобаға қатысуға шақырды.

Айгүл Шерниязова, «Astana hub» халықаралық технопаркінің менеджері:

- Біздің менторлар – өте табысты кәсіпкерлер. Олар қазіргі таңда Қазақстан аумағында сонымен қатар, көрші елдер аумағындағы өз ісін көтеріп жатқан отандастарымыз. Сол кісілер жаңадан келіп түскен стартап командаларға қолдау көрсетеді. 3 ай бойы тығыз бірге жұмыс жасайды.

Бұл - шара жаңа заман, жаңа технолияларға бағыт алған еліміздің алғашқы қадамы ғана. 2025 жылға дейін жергілікті ІТ компаниялардың капиталын 1 млрд долларға жеткізу көзделген. Сондай-ақ, болашақта Астана төрткүл дүниенің таланттарын тоғыстыратын алып алаңға айналуы тиіс.

Альбина ӘШІМ

 

Хабарламаларға жазылу