Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалығының нәтижесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалығының нәтижесі

06.02.2018

Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты онға жуық халықаралық ұйым бар. Оның мазмұны мен ауқымы жағынан ең ірісі - Қауіпсіздік кеңесі. Әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты кеңеске биыл Қазақстан төрағалық етті. Бұл - кез-келген елге сеніп тапсыра салатын шаруа емес. Қазақстан көптеген халықаралық үрдістердің белді қатысушысы мен бітімгері ретінде бұл маңызды міндетті зор абыроймен атқарып шықты.

БҰҰ-на 200-ге жуық ел кірсе, соның  тек 15-і Қауіпсіздік кеңесіне мүше. Оның бесеуі тұрақты мүше елдер, қалған он мемлекет ауыспалы түрде сайланатын тұрақты емес мүше мемлекеттер. Өткен жылдың ортасында 193 елдің 138-і қолдап, Қазақстан  Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланды. Кеңес құрамында Халықаралық 36 төтенше отырысқа қатысты. БҰҰ ережесі бойынша қауіпсіздік кеңесіне мүше әрбір мемлекет әліпби бойынша бір ай мерзімге кеңеске  төрағалық етеді. Қазақстанның кезегі осы  жылдың қаңтар айында келді. Кеңес төрағалығындағы ең басты шара 18 қаңтарда Президент    Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз кеңестің күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге қатысты барынша белсенді конструктивті және әділ болуға тырыстық. Ауғанстан, «Талибан», «ДАИШ», «Аль-Каида» және Сомали жөніндегі комитеттерді басқара отырып, олардың жемісті қызмет етуіне өз үлесімізді қосып келеміз.

Қазақстан - кеңеске Орта Азия елдері ішінен тұңғыш рет төрағалық етіп отырған мемлекет. Сондықтан да жаһандық және өңірдегі өзекті мәселелерді сөз болды. Ядролық қауіпсіздік пен Сирия, Солтүстік Корея және Ауғанстан проблемасы да назардан тыс қалмады.

Қазақстанның төрағалығы барысында бұдан бөлек, консультация, брифинг және пікірталас форматындағы 30-ға жуық отырыс өткізілді. Ал, өткен аптада Кеңес төрағалығындағы Қазақстан делегациясы Вашингтонға барып Дональд Трамппен кездесті. АҚШ президенті атынан ұйымдастырылған Ақ үйдегі түскі асқа Мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсон, Ақ үйдің аппарат басшысы Джон Келли және Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Герберт Макмастер қатысты. 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ 

Хабарламаларға жазылу