Ауғанстанда қаза тапқан азаматтың денесі елге әкелінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауғанстанда қаза тапқан азаматтың денесі елге әкелінеді

26.01.2018

Ауғанстанда қаза тапқан Ерлан Жампейісовтің денесін мемлекет өз қаражатымен елге жеткізеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов айтты. Бұған дейін қанды оқиғада опат болған азаматтың туыстары көптен көмек сұраған еді. Кейін марқұмның мәйітін әкелеміз деп, алаяқтардың арбауына түскендерін жариялады.

Еске сала кетейік, қаңтардың 20-сы күні Кабулдегі «Интерконтиненталь» қонақ үйінде болған террористік шабуыл кезінде Қазақстан азаматы Ерлан Жампейісов қаза болды. 40 жастағы отандасымыз ауған жерінде телекоммуникация саласында еңбек еткен. Марқұмның артында жары, екі баласы қалды. Қайғылы оқиғада 40 адам қаза тапты.

Әнуар Жайнақов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Біздің Кабулдағы дипломаттарымыздың жәрдемімен Ауғанстанда қайтыс болған азаматымыздың денесі жақын күндері Қазақстанға жеткізілетін болады. Барлық шығындар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен өтелетін болады. Біздің дипломаттарымыз туыстарымен күнде байланыста.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу