Жаныңда жүр жақсы адам. Семейлік кәсіпкер Ержан Қонысбаев аязды күндері жолаушыларды қала ішінде тегін тасып жүр. Жас жігіт мұндай қадамға көпшіліктің таңырқай қарайтынын айтады. Араларында қорқақтайтындары да бар. Дегенмен, ер-азаматтың қамқорлығын көріп, аязда жан жылуын сезінгендер көп.
Сарышұнақ аяз басталғалы бері Ержан Қонысбаев осылай тыным таппай жүр. Аялдамаларға тоқтап, қоғамдық көлікті сарыла күткендерді жолшыбай ала кетеді. Қызметі үшін көк тиын алмайды. Су тегін. Көпшілігінің басында мұндай ұсынысқа абыржып қалатындары рас. Кейбірі қалжың деп те қабылдап жатады. Бірақ, діттеген жерлеріне жеткеннен кейін ризашылықтарын білдіреді.
Балжан Дінғазиева, Семей қаласының тұрғыны:
- Рахметімізді айтамыз ол кісіге. Осындай жүрегінде иманы бар ер-жігіттер көп болса деп тілейміз.
«Әуелгіде әлеуметтік желілердегі «Қайырымдылық жаса!» акциясы осыған себеп болды»,- дейді кәсіпкер. Аязды күндері адамдарды мейірімділікке шақырған шара туралы оқып, бірден қалалықтарды тегін тасымалдауға кіріскен. Көлігіне отыруға ниет білдірген жолаушы болса, қалаған жеріне жеткізіп тастайды.
Ержан Қонысбаев, кәсіпкер:
- Рахмет айтады. Үлкендер бата береді. Бұл адамгершілік. Далада аяз. Автобустар жүрмейді. Кішкентай кезімізде бізді ата-анамыз солай тәрбиелеген.
Қайырымдылық жасау – сауапты іс. Аязды күндері жолаушыларға қолұшын беріп, жанашырлық танытып жүрген кең жүректі кәсіпкердің әрекеті көпке үлгі. Күнделікті күйбең тірлікте адамдардың бір-біріне мейірімділік танытуы кез келген жанға жылулық сыйлары сөзсіз.
Дарын САҒИТОВ