Елімізде алдағы 5 жылда жаңа мұнай өңдеу зауыты салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде алдағы 5 жылда жаңа мұнай өңдеу зауыты салынады

22.01.2018

Елімізде алдағы 4-5 жыл көлемінде төртінші мұнай өңдеу зауыты салынады. Ал, Қытайға газ экспорты 10 млрд. текше метрге дейін артады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз жиынында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Өткен жылды қорытындылап, биылғы жоспарларымен бөліскен министр мұнай өндіру және өңдеу көлемінің артып келе жатқанын жеткізді. Ал, елімізде жанармай тапшылығын болдырмау үшін болашақта бензин және дизель отынының резерві құрылуы мүмкін.

Былтыр еліміз 86 млн. тоннадан астам мұнай өндірген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда жоғары. Ең негізгі ірі үш кеніш: Қарашығанақ, Қашаған және Теңізде жалпы мұнайдың 60 пайызы өндірілген. Ал, газ өндіру көлемі 53 млрд, текше метрге жуықтады. Өткен жылы экспортталған газ көлемі 17 млрд, текше метрден асты. Ал, осы саладағы 2017 жылдың басты жетістігі Қытайға газ экспорттау басталды.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- 2017 жылы Қытайға алғашқы газ экспорты басталды. Оның келісілген 5 млрд. текше метрдің алғашқы 1 млрд. жеткізілді. Ал, келешекте Қытайға газдың экспорттық көлемін 1 млрд. текше метрге дейін арттыру жоспарланған.  

Экспорттан бөлек ішкі нарыққа да газ тарту жұмысы Үкіметтің назарында. Жақын уақытта Астанаға газ келмесе де, биыл алты облысқа газ тарту бойынша нақты қаражат бөлінген. Оның көлемі 12,8 млрд тг. Сонымен, биылғы жылы еліміздің 48 пайыздан астамы газбен қамтылады. Жанармай отыны бойынша биылғы тапшылық 10 пайыз шамасында болады. Келер жылы жүз пайызға отандық өніммен қамтылады. Бірақ, алдағы бес жыл ішінде жаңа мұнай өңдеу зауыты салынбаса, қайтадан сыртқы өнімге тәуелді боламыз.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Менің өз пікірім, 4-мұнай өңдеу зауыты керек. Биыл қолға алу керек. Тиісті инвесторларды табу керек. Тиісті құжаттарды дайындау керек. Мұндай зауытты 1-2 жыл ішінде сала алмаймыз, 4-5 жыл керек болады. 2022 жылы 4-5 жылдан кейін ғой, сондықтан, бұл мәселені биылдан қолға аламыз.

Ал, қазіргі уақытта жанармай бағасы осы тұрақты күйін сақтайды. «Бағаның өсуіне әзірше еш негіз жоқ», - деді министр Қанат Бозымбаев.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу