Автобус апатынан қаза болғандар түтінге тұншығып емес, отқа оранып өлген. Сот-сараптама қорытындысын жариялаған мамандар осылай деп мәлімдеді. Қаза болған азаматтардың тізімі Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтында жарияланды. Алдын ала жасалған тізімде 29 адамның аты-жөні анық көрсетілген. Олар Наманған облысының тумалары.
Сот-сараптама орталығының қызметкерлері оқиға орнында түні бойы жұмыс істеді. Барлығы 8 маман мүрделерге тыңғылықты зерттеу жүргізді.
Назгүл Иманбаева, ҚР Әділет министрлігі «Сот-сараптама орталығы» РМҚК директорының орынбасары:
- Сарапшылар таңға жақын жұмысты аяқтады. Кейбір зерттеу жұмыстары әлі жалғасуда. Оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Тергеу әлі жүріп жатқандықтан, қорытындыны нақты айта алмаймыз.
Қайғылы оқиға болған жерге бүгін таңертең Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрі Рустам Джураев бастаған делегация барды. Құрамында көрші елдің Ішкі істер сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бар. Бүгін түсте автобустан соңғы мәйіт шығарылды.
Серік Төленбергенов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Қазір біз оқиға болған жерде тұрмыз. Апат болған жерді көрсету үшін Өзбекстан делегациясымен бірге келдік. Тексеру жұмыстары әлі де жалғасады.
Ал, апаттан аман қалған бес адам ауруханада.
Әсет Қалиев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Бүгін стационарда жарақат алған адамдар жатыр. Екінші күн қажетті ем толық көлемде жүргізіліп жатыр. Жағдайлары қанағаттанарлық. Толық тексеру жүргізілді. Ішкі органдарында ешқандай зақымдану жоқ. Енді өзбек азаматтарын өз елдеріне аудару туралы сұрақты шешіп жатырмыз.
Тексеру жұмыстары толық аяқталысымен қаза болғандардың денесі көрші елге жеткізіледі. Өзбекстанның еліміздегі консулы Шухрат Қошабоевтың айтуынша, мүрделердің кейбіріне ДНК сараптамасын жасау қажет болуы мүмкін. Оның қайда жүргізілетіні әзірге белгісіз. Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде апаттан қаза тапқан жолаушылардың рухына дұға бағышталды.
Райгүл ЕНШІБАЙ