Ғимараттың ресми тұсауын кескен Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қос қабатты нысанды түгел аралап көрді. Мұнда балалардың мектепке дейін білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Ән, би үйірмелері мен спортзал, балалардың интеллектуалды дамуына арналған оқу бөлмелері мен интерактивті тақталар бар. Тіпті, физиокабинет пен массаж бөлмесі де жұмыс істейді. Ал, тәрбиешілердің барлығы дерлік жоғары білікті мамандар. Жалпы, өткен жылы елімізде 800-ден аса балабақша ашылса, оның 80-і елордада есігін айқара ашты. «2020 жылға дейін балғындарды 100 пайыз балабақшамен қамту міндеті тұр», - дейді Мемлекеттік хатшы.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Заманауи жаңа талаптарға сай, стандарттарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін үлкен ғимарат. Елбасы осы Тәуелсіздігіміздің 26 жылында балалардың жан-жақты, денсаулықтарының мықты болуына көңіл бөліп, көптеген бағдарламалар қабылданды. Елордамыздың 20 жылдығының тұсында ең бірінші осындай жақсы ғимарат іске қосылып жатыр.
Раушан CАЙЛАУҚЫЗЫ