Алматыда қалың қар салдарынан бір күнде 102 жол-көлік апаты тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қалың қар салдарынан бір күнде 102 жол-көлік апаты тіркелді

12.01.2018

Астанада ақ түтек боран соғып, жұртты әбігерге салса, Алматыда қалың қар тұрғындарға қиындық тудырды. Кеше толассыз  жауған қар көлік қозғалысына едәуір кері әсер етті. Бір күн ішінде 102 жол апаты тіркелді. 8 адам зардап шегіп, ауруханаға түсті. Бір азамат оқиға орнында қайтыс болды. Қазір тазалалық мекемесінің өкілдері шамалары келгенше қаланы қардан тазартып жатыр. Алайда, синоптиктер 16-қаңтарға дейін қар жауады деген болжам айтты.

Қалың қар жұрттың мазасын қашырды. Көлік қозғалысы баяу болған соң, көпшілік кептелістен көз ашпады. Жол тазалаушылар әлі де қаланы қардан аршып үлгере алмай отыр. Ал, таңертең жұмысына асыққан Марат Жолдасов қарға көмілген люкті көрмей, абайсызда көлігімен түсіп кеткен. Абырой болғанда аман қалды.

Марат Жолдасов, қала тұрғыны:

Люк жолдың ортасында қардан көрінбейді. Не деген сұмдық?!

Лаура Қуанышқызы, тілші:

 - Бүгін алматылықтардың күні дәл осылай басталды. Себебі, кеше таңнан бастап жауған қардың қалыңдығы бүгін таңғы 8-де 15 см-ге жетті. Ал, қар тазалау жұмыстарына 621 арнайы техника, сондай-ақ, 2110 жұмысшы жұмылдырылды.

Даңғылдар мен көшелерге техникамен мұз бен қарды ерітетін ұнтақ себілген. Бірақ, бұдан да пайда аз. Тек күндіз болмаса, кешқұрым жолдың беті көктайғаққа айналады. Соның кесірінен көлік апаты көбейді. Құзырлы орган өкілдерінің сөзінше, Алматыда қыста қиындық болмайды деп жазғы дөңгелектерін қысқы шиналарға ауыстырмай жүрген жүргізуші аз емес.

Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі:

- Күніне орташа 70-90 жол-көлік оқиғасы болса, кеше 102 жол-көлік оқиғасы тіркелді.  Өкінішке қарай,  1 адам жантәсілім етті.

5-6 техника тізбектеліп, қар тазалауға көшті. Себебі, бір машина үлгермейді. Тіпті, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Айжан Кенжебекова, қалалық Табиғи ресурстарды пайдалану және реттеу басқармасының баспасөз хатшысы:

 - Осы қаладан 11 қаңтар және 12 қаңтар аралығындағы күнде 5464 текше метр қар шығарылды. Қар жауған кезден бастап жолдарға мұз ерітетін арнайы қоспалар себіліп жатыр. 11 қаңтардан бастап 9000-нан астам тонна мұз еріткіш қоспалар себілуде.

Ал, синоптиктердің болжамына сенсек, алдағы демалыс күндері аяз болып, тағы да қар жауады.  

Светлана Аманқұлова, «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша болжау бөлімінің басшысы:

- Демалыс күндері де осындай ауа райы сақталады. Түнде 7-9 градус аяз болады. Ал, келер аптаның сейсенбісінде қар толассыз жаууы мүмкін.

Осылайша, мамандар алматылықтар және шетелдік саяхатшыларға осы демалыс күндері қар көшкіні жүру қаупі бар аймақтарға шығуға тыйым салып отыр.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу