Қоғамдық көліктерде тегін жүретін азаматтардан карта сұралмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғамдық көліктерде тегін жүретін азаматтардан карта сұралмайды

09.01.2018

Қаңтардың 15-нен бастап қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығы бар азаматтар тек электронды карталармен ғана жүре алады. Бірнеше күн бұрын халық арасында осындай ақпарат тарады. Осыған байланысты автобустарда келеңсіз жағдайлар орын алған. Көліктік карталарын беретін арнайы орында да ұзын-сонар кезек. Тілшіміз бұл ақпардың анық-қанығын растау мақсатында жолаушы тасымалдайтын компанияға барып қайтты.

Шолпан Самуратова таң атпай кассаға келгенімен, тағы да күтуіне тура келді. Себебі, жеңілдікке ие азаматтар картасыз автобуста жүре алмайды дегеннен кейін адамдар мұнда көптеп келіп жатыр.

Шолпан Самуратова, қала тұрғыны:

- Мұнда кезекте тұрған адамдар кешігеді де, қайтадан кетеді. Ертеңінде тағы келеді. Сол мың теңге үшін.

Қала бойынша негізі 6 касса бар. Алайда, тек Қажымұқан Мұңайтпасов көшесіндегі мекемеде ғана кешенді қызмет көрсетіледі. Мұнда қосымша 3 терезе ашылған. Дегенмен...

Нағашыбай Махамбетниязов, қала тұрғыны:

- Қала бойынша алатын жер жоқ. Осы бір орын. Осында неше күн болды, келіп тұрғанымызға.

«Жоғарыда айтқан ақпарат жалған. Оны автобус жүргізушілер мен кондукторлар таратқан», - дейді ресми компания өкілдері. Электрондық картаның иесі атанбаған әлеуметтік топтағы азаматтар оны жыл аяғына дейін алуына мүмкіндік бар. Ал, қазіргі уақытта қоғамдық көліктердің барлығында бұрынғыша, тиісті құжаттарымен ақысыз қатынай алады.

Даурен Нұралиев, «Астана LRT» ЖШС Төлеу жүйелері департаментінің директоры:

- Дәл қазір алу міндетті емес. Осы жыл бойы алу мүмкіндігі бар. Мәслихаттың шешімі бойынша не болмаса өздерінің зейнеткерлік туралы куәлігімен жүре алады.

Жалпы, Астана қаласы бойынша қоғамдық көліктерде тегін жүруге құқы бар 100 мыңнан аса адам бар. Олардың 70 мыңы 2016 жылдың соңынан бері электронды картаны алып қойған. Осы әлеуметтік топтың ақысыз жүруі үшін биыл қазынадан 1 млрд. 300 млн. теңге бөлінген. Алдағы уақытта электрондық жүйенің көмегімен қанша адамға нақты қызмет көрсетілгені анықталып, қаржыны үнемдеу көзделуде.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу