Астаналық оқушылар жаз бойы қоғамдық көліктерде тегін жүретін болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналық оқушылар жаз бойы қоғамдық көліктерде тегін жүретін болады

03.06.2016
Астаналық оқушылар жаз бойы қоғамдық көліктерде тегін жүретін болады

2016 жылғы 1 маусым - 31 тамыз аралығында елордалық 7-15 жастағы балалар қалалық және экспресс маршруттармен тегін жүретін болады. Қалалық әкімдік балаларға осындай тарту жасады.

Биыл мамыр айында қалалық мектеп оқушыларына атаулы көлік карталары беріле бастады. 7-15 жастағы балаларға аталған карталар оқу орындарында немесе ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қатысуымен ASTRA PLAT атаулы көлік карталарын беру пунктінде тегін беріледі. 2015 жылы фототіркеуден өтпеген және көлік картасын алмаған балалар мамандандырылған ASTRA PLAT кассаларына жүгінуі керек. Мамандандырылған кассалар мен карталарды беру пункттері орналасқан орындар туралы 20 маусымнан кейін қосымша хабарланатын болады.

ASTRA PLAT  электронды жолақы төлеу жүйесін қолданысқа енгізуге байланысты аталған акция балалардың көлік карталарын пайдалану механизміне дағдылануына ықпал етеді. Жазда балалар автобустарда көлік карталарын қолдануды (валидацияны) үйренеді, ал 1 қыркүйектен бастап қоғамдық көліктермен 50% жеңілдікпен жүретін болады.

Атаулы көлік карталарын алмаған балалар қалалық қоғамдық көліктермен оқу орнынан берілген анықтаманы көрсетіп, тегін жүре алады, деп хабарлайды елордалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Хабарламаларға жазылу