Депутаттар бір құлағы жоқ балаларға көмектеспек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар бір құлағы жоқ балаларға көмектеспек

04.01.2018

Депутаттардың Алматыға барған жұмыс сапары барысында әріптесіміз Нұрлан Асқарұлы халық қалаулыларынан қоғамдағы өзекті мәселеге айналып үлгерген микротия және атрезия дертіне шалдыққан науқас балалардың жағдайы туралы сұрап білді. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана бір құлағы жоқ балаларды уақытылы емдеп, жәрдемақымен қамтамасыз ету жөнінде материал эфирімізден берілген. Бірақ, тиісті мемлекеттік органдар бұл түйіткілді мәселенің түйінін тарқатуға асықпай, бір-біріне сілтеп нақты жауапты созбаққа салған еді.

Нұрлан Асқарұлы,  тілші:

Халық қалаулыларының қоғамдағы кез келген өзекті мәселеге араласып, оны халықтың пайдасына шешіп жүргенін ел біледі. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып біз де тиісті министрліктерден бір құлағы жоқ балалардың жайына қатысты жауап ала алмай жүргенімізді жеткіздік.

Енді бұл мәселе 17 қаңтар күні Парламенттің пленарлық отырысында депутаттық сауал ретінде министрге тікелей қойылмақ. Ал, оның шешімін «Нұр Отан» партиясы фракциясынан сайланған депутаттар қадағалайды. Олар Мәжілістегі Үкімет сағатында да осы мәселені талқылаймыз, деп уәде берді.

Бұл мәселеден депутаттардың хабардар болғанын естіген ата-аналарда үміт пайда болды. Солардың бірі Дана Тойбаева ұлы Нұралидің еміне қаржы таппай қиналып жүрген. Сондықтан, бүгін бір топ ата-аналарын ертіп осы жаңалықты өз құлағымен естуге асығып келіпті.

Дана Тойбаева, қала тұрғыны:

 - Депутаттар араласып жатқаннан кейін біздің диагноз бойынша емдеу шаралары тез жүргізіледі деген сенімдеміз. Бірақ,  Денсаулық сақтау министрлігі өте баяу қимылдайды. Осындай науқасқа шалдыққан балаларды емдейтін дәрігерлерді шетелдерде оқытып, тәжірибе жинатып тезірек емдесе екен деп талай рет хат жаздық. Жауап жоқ.

Арнұр Мейіржанқызы, қала тұрғыны:

- Депутаттар араласып жатқанын  естіп біздің ата-аналардың көңілі орнына түсті. Дегенмен, біздің балаларымыздың ауруы асқынып, есту қабілеттері төмен түсіп жатыр. Сондықтан, біз тезірек көмектессе екен деп тілейміз.

Нұрлан Асқарұлы,  тілші:

- Ата-аналардың үміт оты жанғанымен, олардың көңілдерінде күдік те жоқ емес. Өйткені, олар бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің табалдырығын тоздырып шаршаған. Бармаған жері, қақпаған есігі жоқ. Сондықтан, біз бұл жағдайды  алдағы уақытта да үнемі назарда ұстаймыз.  

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ  

Хабарламаларға жазылу