Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне төрағалығымен қаңтар айында 17 іс-шара өтеді

04.01.2018

2018 жыл еліміз үшін халықаралық саяси аренадағы үлкен қадаммен басталып отыр. Қазақстан қаңтар айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді. Саяси алаңдағы ең беделді мінберден біздің дипломаттар бірнеше өзекті мәселеге баса назар аудармақ. Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мен Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі түйіткілдер. Сондай-ақ, төрағалық кезіндегі басты міндеттердің бірі әлем назарын Орталық Азия мен Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселесіне аудару болмақ. Айта кетейік, Қазақстан осы өңірден Қауіпсіздік кеңесіне төрағалыққа сайланған алғашқы мемлекет.

 Ержан Ашықбаев,  ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары: 

- Тек ұлттық мүдделерімізбен ғана шектелмейміз, бүкіл Орталық Азия мемлекеттерінің мүдделерін білдіруге атсалысып келеміз. Бұл тұста біз Орталық Азия мемлекеттерінің министрлерімен болған бірнеше кездесулерді атап өтуімізге болады.

Қазақстанның төрағалығымен қаңтар айында жалпы 17 іс-шара өтеді. Олар бүгінгі таңда өзекті болып тұрған аса күрделі ғаламдық мәселелерді шешуге бағытталған. Ал, ең ауқымды жиын қаңтардың 18-і күні Нью-Йорк қаласында  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтетін  жоғары деңгейдегі пікірталас болмақ. Оған бірқатар елдің басшылары, министрлері және халықаралық ұйым төрағалары қатысады деп жоспарланып отыр.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу