Бұл туралы бүгін қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бас хирургы Нұржан Исабеков мәлімдеді. Оның айтуынша, пиротехникалық жарылғыш бұйымдарды қолданғанда қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Ауруханаға түскендердің 13-і ересек, 11-і - жасөспірім. Көздері мен денесінің жұмсақ тіндері зақымдалған 3 науқас ауруханаға жатқызылды. Мәселен, көз алмасы зақымданған 1 адам Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханаға түскен. Ал, денесі күйген екі жасөспірімнің бірінің қолы, екіншісінің көз алмасы зақымданған. Олар да жарақаты ауыр болғандықтан, қалалық балалар ауруханасына жатқызылды. Жалпы, алып шаһарда жарылғыш затты қолдану кезіндегі оқыс жағдай бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Бұл жылда қайталанатын жағдай. Сондықтан, дәрігерлер пиротехникалық заттарды қолданғанда абай болу керектігін ескертті.
Нұржан Исабеков, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі жағдайда үш науқастың жағдайы жақсарған. Қалған науқастар қаралып, ем көрсетіліп, үйлеріне жіберілді.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ