ОҚО-ның Созақ ауданында тұрмыстық қызмет көрсету орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-ның Созақ ауданында тұрмыстық қызмет көрсету орталығы ашылды

25.12.2017

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында тұрмыстық қызмет көрсету орталығы ашылып, 10-нан астам мүмкіндігі шектеулі азамат құлшыныспен еңбек етуге кірісті. Жергілікті қазынадан оларға тігін машиналары мен қолғап тоқу станогы сатып әперілді. Әртүрлі кәсіпті меңгерген жандар қазір халыққа түрлі тұрмыстық қызмет көрсетіп жатыр. 

Бақыт Смақованың аяғының туабітті  кемістігі бар. Жастау кезінде ептеп еңбекке араласқанымен кейіннен үйде отырып қалды. Тігін цехы ашылғалы бәрі де өзгерді. Қазір өзгелер секілді күнделікті жұмысқа барып қайтады. Еңбегінің арқасында ешкімге алақан жаймай, отбасын өзі асырап отыр.

Бақыт Смақова, тігінші:

- Адамдармен қарым-қатынас болады. Әңгімелесесің. Күліп-ойнап үйге қайтасың. Ауруыңды ұмытасың. Шамалы болса да кіріс-шығысыңа табысың болады. 

Жаңадан ашылған орталықта Бақыт секілді онға тарта қыз-келіншек жұмыс істейді. Олар аймақтағы уран өндіретін кәсіпорындар үшін жұмыс киімін тігеді. Мұнан бөлек, ауруханалар мен балабақшалар да  төсек жаймалары мен жастық тысы секілді дүниелерді осында тіккізетін болған. Тігін цехынан бөлек мұнда шаштараз, аяқ киім жөндеу шеберханасы да бар. Сондай-ақ, жұмыс орнына немесе мекемелерге бару үшін мүгедектер осы жерден  арнайы такси шақырта алады.

Біржан Саржанов, мүгедектер қоғамы аудандық филиалының басшысы:

 - Күнделікті қазір 10-15 адам тапсырыс беріп, сол қызметтер арқылы олар өздерінің қажетті жеріне инватакси қызметімен жетіп жатыр.

Теріскейде өз бетімше еңбек етіп, табыс тапсам дейтін мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары көбейіп келеді. Биылдың өзінде осы топтағы  95 азамат жұмысты болған.

Бауыржан Әбенұлы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

 - Оның ішінде 2 мүмкіндігі шектеулі азаматты шағын несиемен, 42 азаматты тұрақты жұмыспен, 1 азаматты «Жастар практикасы», алтауын әлеуметтік жұмыс орнымен қамтып отырмыз.

Созақ ауданында бүгінгі таңда 2 мың 300 азамат қамқорлыққа мұқтаж жандардың санатында. Солардың үштен бірі мүмкіндік болса, бойдағы қажыр-қайратын пайдаланып, өз бетінше еңбек етуге дайын. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу