Атырауда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды

21.02.2019

Атырауда ашылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы өңірдің бизнес өкілдеріне  жан жақты қолдау көрсетуде.  Жаңадан іс бастаймын деушілерге демеу боп, тегін оқытып, бизнес жоспар құрудың қыр-сырын үйретеді. Әрі кәсіптегі күрмеуі қиын мәселелерін шешіп, құқықтық кеңес береді.

Орталықтың қолдауымен ірі мөлшерде несие алғандардың бірі - Әсет Тұяқбаев. Ол жылына 1600 тонна шақпақ қант шығаратын цехтың жұмысын дөңгелетіп отыр. Орталықтың көмегімен, үшінші мәрте 51 млн теңге қаржы алып, өндірісін кеңейтпек. 

Әсет Тұяқбаев, ЖШС директоры:

Осы орталықтың арқасында кәсібіміз дамып, тағы да қосымша жобаларды жоспарлап отырмыз. Қазір өтініштеріміздің барлығы толық қанағаттандырылып, несие алып, құрылғылар алу үшін ақшамызды қолымызға алдық.

Мұнда өткен жылы 2 мыңнан астам жеке кәсіпкерге  2500-дей қызмет түрі көрсетілді. Орталықта - қаржылық есеп, логистика, маркетинг  бойынша тегін кеңес беріледі.

Жандос Темірғали, тілші:

Бұл орталықтың көмегімен өткен жылы 438 жоба екінші деңгейлі банктерге бағытталып, сәтті түрде қаржыландырылған. Осылайша, аймақтар арасында жобаларды қолдау бойынша алдыңғы қатарда тұр.

Орталықта  «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында құны 96,1 млрд теңге болатын 700 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде кәсіпкерлерге 7,8 млрд теңге субсидия төленді.

Берік Қадіров «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры атырау облыстық филиалының менеджері:

Қандай бағдарламамен жұмыс жасай алатындарын түсіндіріп, бизнес жоспар құрып, банкке дейін сүйемелдейміз. Банктер кепілдік сұрайтын болса, сізде кепіл зат болмаса біз жас кәсіпкерлерге 85 пайызға дейін кепілдеме береміз. Сонымен қатар стартап проэктілерді де осы біздің кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қаржыландыруға мүмкіндік алады.

Енді орталық  мамандары  жастарды кәсіпке тарту үшін жаңа бағдарлама дайындап отыр. Жоспар бойынша шеберлік сағаттары мен дөңгелек үстелдер өткізілмек. Кейін кәсіп ашуға ынтасы бар жас буынға,  арнайы жеңілдік те қарастырылады.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу