Елордадағы Оқушылар сарайында Президент шыршасы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы Оқушылар сарайында Президент шыршасы өтті

22.12.2017
Елордадағы Оқушылар сарайында Президент шыршасы өтті

Дәстүрлі шара биыл бас қаланың 20 жылдығына орай «Асқақ ордам - Астана» деп аталды. Шыршаның шырайын келтірген ұйымдастырушылар бас шаһардағы әлеуметтік аз қамтылған және ата-анасы жоқ 200-ден астам балаға таңғажайып кеш сыйлады.

Жылдың жаңаруы ересектердің ғана емес, әсіресе, балғындардың да асыға күтетін мерекесі. Өйткені, олар дәл осы уақытта періште тілегін білдіреді. Бүгінгі Президент шыршасы аясында алаң ерекше безендірілген. Театрландырылған қойылымның да мазмұны өзгеше. Балғындарды ерекше базарлық сыйлықтары күтіп тұр. Бастысы, олардың көңіл-күйлері көтеріңкі.

Мерекелік алаң құдды ертегі әлемі іспетті. Айналасы Астанадағы әдемі ғимараттар бейнесімен безендірілген. Ал, балғындар болса, түрлі кейіптегі сәнді киімдерімен көздің жауын алады.  Кештің алғашқы бөлімі Елбасының әдемі тілегінен басталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Айналайын, балалар, сендерге жарқын болашақ тілеймін. Балалық шақтарың базарлы, өмірлерің ажарлы болсын. Мерекелеріңмен!

Қызықты хикаяға толы қойылымдар, Аяз ата мен Ақша қардың тосынсыйы, ертегі кейіпкерлері мен кештің көркі болған шырша шырақтары. Мұның бәрі кішкентай Әлиманың да көңілін ерекше көтерді. Мектеп оқушысы биылғы оқу жылын үздік бағамен аяқтап отыр.

Әлима Орынбасарова, оқушы:

- Мен Президент шыршасына келемін деп ойламағанмын. Мені осы шыршаға шақырған Нұрсұлтан Әбішұлына рахмет айтамын. Биыл менің армандарымның бірі орындалды. Сіздердің де армандарыңыз орындалуына тілектеспін.

Биылғы кештің ерекшелігі – ЛЭД экран арқылы шоу-қойылымдардың ұсынылуы. Дәстүрлі шараның ұйымдастырылуына елорданың ең өнерлі оқушылары белсенділік танытты.

Талғат Теменов, режиссер:

- 230 балаға 700 оқушы қызмет етіп жатыр. Барлығы мыңға тарта оқушы жүр. Бұл біздің Елбасының қамқоры. Бұл біздің балаға деген махаббатымыз.

Ал, кеш соңында балалардың асыға күткен базарлығы таратылды. Биыл оларға тәттілермен қатар, киім алуға мүмкіндік беретін арнайы сертификат берілді. Осылайша, өткен жылмен қоштасып, ит жылынан игілік күткен кештің кішкентай меймандары естен кетпес әсермен тарқасты.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу