Бүгін Мәжіліс депутаты Альберт Рау Премьер-министрдің атына осындай депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, моноқалаларды дамыту жөніндегі бағдарлама жергілікті мәселелерді шеше отырып, оларда экономикалық өсімнің артуына мүмкіндік жасай алмайды. Қостанай облысындағы Арқалық қаласында қиын-қыстау жағдай өзгере қойған жоқ. «Боксит қоры әрі кеткенде екі-ақ жылға жетеді. Сосын қазіргі таңда қаланың өнеркәсіп өндірісінің 68 пайызын құрап отырған кәсіпорындар жұмысын тоқтатады», - деді депутат.
Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біздің ойымызша, бұл қала мәртебесіне орны толмайтын залал тигізіп қана қоймай, барлық Торғай аймағының білім және денсаулық сақтау орталығына соққы болады. Үкіметке шұғыл тәртіпте мемлекеттік даму институттарымен және ERG компаниясымен бірлесіп, тиісті шаралар кешенін жетілдіруді ұсынамыз.
Индира БЕГАЙДАР