Шығыс Қазақстанда тау шаңғы курортының жаңа маусымы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда тау шаңғы курортының жаңа маусымы ашылды

20.12.2017

Бұл күнді шаңғы мен сноубордты кәсіби деңгейде тебетіндер де, әуесқой спортшылар да асыға күтті. Қысқы маусымның ашылуына арналған салтанатты шаралар Өскемен маңындағы тау шаңғы базасында өтті.

Бұл күні қысқы демалысты жаны сүйетін тұрғындар үшін нағыз мереке ұйымдастырылды. Өскемендіктер демалыс орнына бар-жоғы 90 теңге төлеп, арнайы автобустармен жетті. Ал, қанатты жолдар күні бойы тегін болды. Түрлі деңгейдегі трассаларда 5 мыңға жуық адам шаңғы теуіп қайтты. Салтанатты ашылу шарасынан соң көк байрақ ұстаған шаңғышылар тау шыңынан төменге құлдилай сырғанап түсті. Бұдан соң жиналғандар жаппай шаңғы теуіп, түрлі ойын мен байқауларға қатысты. Бүгінде тұмса табиғатымен талайды тамсандырған өр Алтайдың тау бөктерінде шаңғы тебуге арналған 10-ға жуық орын бар.  

Жасұлан Сәрсебаев, облыстық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:

- Туристік объектілерге баратын жолдар 4 миллиард теңгеге жөнделді. Оның ішінде тау-шаңғы базалары да бар. Одан кейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында киелі орындарды жөндеу мәселесі шешіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс тек қыста ғана емес, туризм саласын дамыту мақсатында қыс, жаз, күзде де жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр.

 

РАУШАН ЕНШІ

Хабарламаларға жазылу