«Арал балалары» қоғамдық қоры қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Арал балалары» қоғамдық қоры қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетуде

06.12.2017

Пилоттық жоба Қызылорда қаласындағы 10 мектепті қамтиды. Жүргізілген сараптама нәтижесі осы білім ошақтарына қарасты 400-ден астам балаға көмек қажет екендігін көрсетіп отыр. Бүлдіршіндер ата-ана қамқорлығына, мейіріміне зәру. Кейбірінде тұрақты баспана болмағандықтан, әр жерді бір паналап жүр. Санитарлық жағдайы тым нашар үйлерде бұл балалар еш күтімсіз өмір сүріп жатыр. Олардың тәрбиесіне де көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. «Сондықтан бұл балалардың дұрыс азамат болып қалыптасуы үшін бүкіл қоғам күш салуы керек», - дейді мамандар.

Бұл отбасында 7 бүлдіршін бар. Ең кішкентайы - 10 айлық. Қалғандары мектепте оқиды. Бір күн аш, бір күн тоқ. Күндер өтіп жатыр. Аналары Жанат 13 жыл отасқан жолдасымен ажырасқан. Басқа барар жері болмағандықтан  балаларымен саяжайдағы бос үйді паналап жүр.

Жанат Әбуова, көпбалалы ана:

- Бұл жерде тұруға қорқамыз. Бір рет екі қызымды мектептен кейін жоғалтып алдым. Қай күні үйге екі мас кіріп кетті.

Ал, 5 жасар Айжан азаннан кешке дейін бір өзі отырады. Анасы - жұмыста, әкесі – науқас, жүре алмайды. Бұл жердің үй деген аты ғана, бөлмелер қоқысқа толған, көрпе-төсек өте лас, еден болмаған соң ылғал, қабырғалары сыз тартқан.

Гүлзипа Сейітмембетова, әлеуметтік қызметкер:

- Бұл балалар жиі ауырады. Көбінесе, салқыннан, сосын тамақ дұрыс емес. Ал, сөйлеу жағы, талпынысы жақсы. Бірақ, бала жалғыз қалып барады. Өзі үйден шықпайды. 

Дәл осындай қиын жағдайда өмір сүріп жатқан балалар өңірде өте көп. «Арал балалары» қоры әзірге 10 мектептің аумағын ғана қамтып отыр. Олардың тағдыры әр қилы болғанымен, проблемасы ортақ. 

Гүлмира Ақтаева, «Арал балалары» қорының психологы:

- Әлеуметтік қызметкер, психолог, психотерапевт құзырлы органдармен бірігіп, осы жанұяларға толыққанды, жан-жақты көмек көрсетеміз.

Жобаның алғашқы кезеңі бойынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасында тәрбиеленіп жатқан  3 пен 7 жас аралығындағы балалардың мәселесі назарға алынды. Ал, екінші кезеңде бейнет шегіп жүрген 7-18 жас аралығындағы жеткіншектер есепке алынып, тиісті көмек көрсетіледі. 

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу