Әкесінің қайда жүргені белгісіз. Ал, ішкілікке салынған анасы төрт күн бұрын наркологиялық диспансерге жатқызылды. Жеті жасар Николай Классен осыдан екі жыл бұрын абайсызда пешке күйген. Ол бірінші топтағы мүгедек. Баланың ауыр жағдайы туралы әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Аружан Саин дабыл қақты. Журналистер араласқан соң балаға назар аударылып, ол дереу аудандық ауруханаға жеткізілді. Көмек керек.
Кішкентай Николай мен оның екінші сыныпта оқитын туған әпкесі Валентина Классен Кеңдала ауылындағы әкесінің туыстарының үйінде тұрған. Ішкілікке салынған ата-ана мүгедек ұл мен оқушы қыздарын қараусыз қалдырыпты. Үлкен қыз мектепке келмей кеткен соң үйлеріне іздеп барған әкімдік қызметкерлері балалардың мүшкіл жағдайын көреді. Ал, олардың нағашы әжесі болған жайтты бүгін естіп, шарасыз күйде отыр. Өйткені, оның өз балаларына да қарайтын жағдайы жоқ.
Жанна Классен, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны:
- Осындайды естіп, есімнен танып қала жаздадым. Жұмысқа орналасамын, күйеуіммен қосылдым деп жүрген. Не істерімді білмей тұрмын. 8 баланың анасымын. Төртеуі өзіммен тұрады. Біреуі мүгедек. Сондықтан, немереме қарайтын уақытым да, күйім де жоқ.
Баланың бет-жүзін көрсетуге заң тыйым салады. Өйткені, ата-анасының рұқсаты керек. Екі жыл бұрын бала денесінің 50-55 пайызын күйік шалыпты. Өзі өскенімен, денесі мен мойнындағы тыртық қалған. Бар мәселе осында жатыр. Оған операция қажет. Бұл мемлекеттік кепілдемелік көмекке кірмейді. Ал, операция шамамен 140 мың АҚШ доллары болады.
Нұргүл Матжанова, Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Қазіргі жағдайда баланың жағдайы ауыр емес. Тек кішкене арықтау. Тамаққа тойып ішпеген. Осы жерге түскеніне 2-3 сағаттай ғана болды. Баланы қамқорлыққа аламыз. Түгел өзіміздің мамандар келіп қарайды.
Қазір балалардың әкесі іздестіріліп жатыр. Анасы емдеуге жіберілді. Ең қиыны бала мүгедектік алған соң тиісті медициналық көмек алмаған. Алдымен олар Еңбекшіқазақ ауданында тұрған. Сосын Талғарға көшкен. Сөйтіп, мектепке мүлдем бармаған. Мемлекет бірінші топтағы мүгедектігі үшін 60 мың теңге төлепті. Оны анасы араққа жұмсаған.
Анар Әбеуова, Талғар аудандық білім бөлімінің бас маманы:
- Ата-ана құқығынан айыру туралы құжаттар дайындалып жатыр. Сол құжаттар сотқа түскеннен кейін ата-ана құқығынан айырыла ма, жоқ айырылмай ма оны сот шешеді? Теріні ауыстыру қажет. Ол өте үлкен қаражатты қажет етеді. Балаға осындай көмек керек деп біз бастаған болатынбыз.
Николай өте зерек, ақылды. Болашақта спортшы болуды армандайды. Ал, ендігі мәселе операцияға тіреліп тұр. Баланың туыстары мен дәрігерлер де оған қоғам назар аударады деп үміттенеді.
Мирас МҰҚАШ