Алматыда жауған қалың қар тұрғындарды әбігерге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жауған қалың қар тұрғындарды әбігерге салды

04.12.2017

Алматыда екі күнде қалыңдығы 7 сантиметр қалың қар жауып, тұрғындарды әбден әбігерге салды. Қала көшелерінде кептеліс көбейді. Ал, көктайғақтың кесірінен бірнеше жол-көлік апаты болды. Демалыс күндері қалалық тазалау мекемелері күндіз-түні үзіліссіз жұмыс істеп, 3 мың текше метрге жуық қарды сыртқа шығарды. Алайда, «Ауа райы әлі де тосын мінез танытып, қолайсыздық тудыруы мүмкін», - дейді синоптиктер.

Қалың қар алдымен қаладағы көлік қозғалысын қиындатты. Себебі, жылы ауа райына үйренген автожүргізушілер қысқа арналған дөңгелектерін ауыстырып үлгермеген. Соның салдарынан, екі күнде 27 жол апаты болып, 30 адам зардап шекті. Ал, техникалық жөндеу орталықтарында күні-түні ұзын-сонар кезек.

Ермахан Қалжігіт, Техникалық жөндеу орталығының маманы:

- Үш күннен бері қызу жұмыс болып жатыр. Кезек ұзақ. Бүгін жұмыс күні болған соң, шамалы басылды.

Көктайғақ болған соң көшелерге 7800 тонна мұзға қарсы ұнтақ себілген. Қар тазалау жұмыстарына 1000-ға жуық арнайы техника мен 3000 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Даңғылдар мен ірі көшелердегі қар уақытында тазаланып жатыр. Бірақ, тар көшелердегі жағдай аса қиын.

Алматыдағы көлік кептелісін шешуге арналған жобаның бірі велосипедтер болатын. Бірақ, қардың әлегі оларға да әсер етіп, велосипедтер де ешқандай қолданусыз тұр. Өйткені, олардың жолы тұрмақ, өзінің қары әлі тазаланбаған.

Ал, қар тазалауға жауапты басқарма өкілдері «қысқа дайындық жақсы», дейді. Мәселен, олар биыл 93 жаңа техника сатып алған. 15 қар тазарту мекемесіне жергілікті әкімдік тарапынан арнайы тапсырма да берілген.

Айжан Кенжебекова, қалалық Табиғатты қорғау және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз хатшысы:

- Аудандық әкімдіктер мен қалалық әкімдіктерде тәулік бойы арнайы кезекшілік жұмыстары жүргізіледі.

Синоптиктердің айтуынша, Алматы және Алматы облысында атмосфералық фронттардың жылжуына байланысты алдағы үш тәулікте ауа райы тұрақсыз болады.

Айжан Жандосова, «Қазгидромет» РМК Алматы филиалының жетекші инженер-синоптигі:

- Алматы қаласы бойынша әлі де алдағы үш күнде қар жауады. Түнде және таңертеңгі сағаттарда тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.

«Қазгидромет» мамандарының болжауынша, ауа температурасы 8-желтоқсанға қарай қалыпты деңгейге түсіп, температура көтеріледі. Ал, бұл айда жауын-шашын мен қардың түсімі 41 мм-ден аспайды.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу