Бүгін Мәжіліс депутаттары жер қатынастарын реттеу бойынша құжатты бірінші оқылымда қарады. Құжатқа сәйкес, мемлекеттік шекара белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері қазақстандықтарға да берілмейді. Жалпы, отырыста Бақытжан Әбдірайымның депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Сонымен қатар, бүгін жер қойнауы саласындағы барлық сұрақтарды шешетін Кодекс мақұлданды.
Қазақстан жер қойнауының минералдық ресурстар мен байлығы және алуан түрлілігі бойынша әлемнің көшбасшы елдер тобына кіреді. Инвестицияның игілігі мол. Соңғы 10 жылда елімізге 230 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды. Оның 60%-дан астамы тау-кен және мұнай-газ секторына бағытталды. Елбасы өз Жолдауында «экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауы тиіс», деп міндет жүктеген еді.
Әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек. Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс.
Президент жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдау қажет деген еді. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында бүгін Мәжіліс депутаттары «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс және оған ілеспе заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Бұл Кодекстің ең негізгі ерекшелігі - ол осы жер қойнауы саласындағы барлық сұрақтар бір құжаттың ішінде жинақталған. Соның нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушылар үшін де, инвесторлар үшін де тиімді жағдай жасалатын болады.
Қазіргі таңда барлау жұмыстарын жүргізу үшін лицензия алу немесе келісімшарт құжаттарын жасауға 12-18 ай уақыт кетеді. Ал, жаңа құжат бұл мерзімді 10-15 күнге дейін қысқартуды көздеп отыр. Мемлекеттік реттеуді оңтайландыру, жер қойнауын пайдалану құқығын беру мерзімін 18 айдан 3 айға дейін қысқарту көзделген. Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы атқарушы директоры Николай Радостовец құжатты талқылауға қатысқан. Бұл кодекстің берері мол деп отыр.
Николай Радостовец, «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры:
- Қазақстан тарихында бірінші рет осындай жер қойнауын пайдаланушыларға оң өзгеріс алып келетін кодекс қабылданбақ. Бұрын мұндай кодекс болмаған. Келесі жылы Астанада дүниежүзілік конгресс өткіземіз. Жалпы, құжатты талқылауға Мәжіліске барлық сала мамандары, мұнайшылар, барлығымыз да қатыстық. Үлкен жұмыс атқарылды деп есептеймін.
Сонымен қатар, бүгін жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары жер қатынастарын реттеу бойынша құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Заңның жағымды жаңалығы көп. Мәселен, үлкен көлемді егістік жерлері «бір қолға» берілмейді. Шекара аумағындағы егістік жерлер тек Қазақстан азаматтарына беріледі. Ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын сақтау мен оны жетілдіру ескеріліп отыр.
Байділдә Жылқышиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасында ауыл шаруашылығына арналған жерлерді конкурстық негізде беру процесі барынша ашық болады.
Депутаттар бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметіне байланысты өздері әзірлеген құжатты бірінші оқылымда қарады. Онда ата-аналар мен мұғалімдердің жазасын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыру қарастырылып отыр. Сондай-ақ, баласының теріс қылығы үшін ата-анаға жаза жеңілдейді. Құжатты Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.
Индира БЕГАЙДАР