Енді ел азаматтары несие аларда абай болғаны абзал. Өйткені, келер жылы осы саладағы заңға бірқатар өзгеріс енгізілгеннен кейін банктегі қарызына салғырт қарайтындар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. «Берешегінен жалтарғысы келетіндер енді құтыла алмайды», - дейді мамандар.
Жасұлан Наурызалиев бес жыл бұрын Қызылордадағы «Жас өркен» колледжінде оқып жүргенде кураторы Гүлмира Сүлейменоваға 300 мың теңге несие алып, қолына ұстатқан. Себебі, ауылдан келген аңғал бозбалаға оқытушысы отбасындағы қиын жағдайын айтып, несие алуға итермелеген. Тіпті, берешегін екі-үш айдың ішінде қайтарамын деп уәде еткен. Алайда, мұғалімінің өтірігіне иланған шәкірті бармағын тістеп отыр. Бүгін несиелік тарихын тексерген ол банкке 263 257 теңге қарыз екенін көрді.
Жасұлан Наурызалиев, студент:
- Дәл осындай жағдай болып тұрған кезде мен шетелге шығып тағылымдамадан өте алмаймын. Сондай-ақ, қазір осы кредитім бойынша сотта іс ашылып жатыр.
Экономистердің сөзінше, білім беру орындары кез келген маманды даярлағанда оларға қаржылық сауаттылықтың әліппесін оқыту керек. Бірақ, мұғалімдер студенттерге алданып қалмаудың жолдарын көрсетуді емес, керісінше несие алуға мәжбүрлейтін көрінеді.
Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы:
- Бізде халықтың білімі, сана-сезімі әлі төмен.
Қазір кредит алу үшін жеке басыңызды куәландыратын төлқұжат болса жеткілікті. Сондықтан, еліміздің кез келген азаматы бір ғана құжатпен несие ала алады. Ал, оны қайтаруға келген кезде мәселе туындайды. Судың да сұрауы бар деген тәмсіл осы кезде еске түседі.
«Басында «бұл не деген батпан құйрық», деп бас ауыртпастан қарызға белшесінен батқандар алмақтың салмағын сезінетін уақыт жетті», - дейді Ұлттық банк өкілдері. Олар алдағы уақытта несие алғандар бұрынғыдай әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтты. Қазір азаматтардың төлем қабілетін арттыру үшін арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр.
Алпысбай Ахметов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
- Қылмыстық жауапкершілік те болады. Егер де борышкер алаяқтық мақсатпен алса. Әрине, онда қылмыстық жауапкершілік болу керек. Егер жауапкершілік болмаса, екінші деңгейлі банктерде өте қиын жүйелі тәуекелдер пайда болуы мүмкін. Сондықтан, жауапкершілік болу керек. Қылмыстық та, әкімшілік те.
Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде екінші деңгейлі банктерге заңды тұлғалар 4 362,6 млрд., ал жеке тұлғалар 4 166,3 млрд. теңге берешек. Ал, 90 күннен астам мерзімі өткен қарыз 1 772,3 млрд. теңгеге жетеді. Бұл несие портфелінің 12,7 пайызына тең. Сондықтан, енді несие алып, борышын өтемегендер жаңа заң қабылданғаннан кейін қылмыскер ретінде жауапқа тартылуы да ғажап емес. «Ал, өзгені жарылқаймын деп банкке қарыз болған Жасұлан сияқты жандар қарызды өздері өтейтінін ескерген жөн», - дейді мамандар.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ