Бүгін Алматыда жиналған «Абырой» Ауған соғысы ардагерлері одағының өкілдері осындай маңызды мәселені көтерді. Олардың айтуынша, сол соғыста қаза тапқандардың саны 15 мыңнан астам адам деген ресми мәлімет жалған. Себебі, Кеңес одағы кезінде Ауғанстанда қаза тапқандар саны қасақана азайтып көрсетілген. Алайда, ардагерлер қауымдастығының төрағасы «мұндай жағдайда кесімді тұжырым жасамас бұрын, әуелі толық зерттеу жүргізу керек», дейді.
Ауған соғысында қаза болғандар туралы ақпарат алғаш рет 1989 жылы «Правда» газетіне шыққан. Онда 13 835, деп жазылған. Бірақ, бір жылдан соң мәлімет жаңарып, қайтыс болғандар 15 031 азамат, деп көрсетілген. Дегенмен, бүгін бас қосқан белсенділер «бұл көрсеткіш еш қисынға келмейді», - деді. Олардың пікірінше, осы есепке тек Ауған даласындағы ұрыстарда опат болғандарды қосқан. Ал, жарақат алып, госпитальдар мен емханалар да көз жұмғандарды мүлдем енгізбеген.
Әли Дабылбеков, «Абырой» Ауғанстандағы соғыс ардагерлері одағының төрағасы:
Біз ойымызша, қаза тапқандар саны шамамен 25 мыңнан 50-ге дейін.
Серікбай Жүсіпов, Ауған соғысы ардагері:
- Біз бір кеткенде 1,5-2 айдай соғыста болатынбыз. Соғыста жүрген кезімізде бір операцияның өзінде 54-60 адамға дейін жоғалтып қайтатынбыз.
Ал, Мәжіліс депутаты әрі Қазақстан Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдың ойынша, саяси оқиға болған соң мәліметтердің тұмшалануы мүмкін. Бірақ, мұндай тұжырым жасамас бұрын алдымен тыңғылықты тексеріп, зерделеу керек.
Бақытбек Смағұл, Қазақстан Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл деректер бойынша толық мәлімет жоқ. Осыдан үш күн бұрынғы Астана қаласындағы конференцияда осы қаладағы қаза тапқандардың ескерткішіне жазылған фамилиялардың 130-дан астамы сол жерде жоқ екені айтылды.
Ал, Ауған ақиқатын ашуға кіріскен белсенділер бұл мәселені көтеріп, ТМД елдеріндегі ардагерлерге хат жіберуді қолға алды. Сондай-ақ, 300-ден астам адам қол қойған құжатты Ресейдің Подольск қаласына жолдамақ. Өйткені, соғысқа қатысты ақпараттар осы шаһардағы мемлекеттік архивте сақталған. Осыны аштыру үшін «барымызды саламыз», - дейді олар.
Амангелді СЕЙІТХАН