Мәжілісте бүгін сақтандыру мәселесіне қатысты заң жобасының таныстырылымы өтті. «Аты дардай құжаттың тиімді жұмыс істеуін қадағалау керек», - дейді депутаттар. Өйткені, мұнда түйіні көп түйткіл бар. Жоғарыдағыларға қолы жетпей, төмендегілерге сөзі өтпей жүрген мыңдаған азамат жұмыста алған жарақаттарына өтемақы ала алмай жүргені де жасырын емес.
Бұл қыркүйек айында Түркияда жол апатына түскен жеті бірдей қазақстандық. Оларды туристік коды жоқ «Туристік қамқор» қоры тасымалдаудан бас тартты, ал, әуе компаниялары науқастарды Қазақстанға жеткізу үшін қомақты қаржы сұрады. Алайда, бұл демалушыларда ешқандай сақтандыру құжаты болмаған. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін енді заң жобасы әзірленді. Оған сәйкес, шетелге шығатын туристер үшін міндетті сақтандыру енгізіледі. Бірақ, туроператорлар өз клиенттерін өздері сақтандыруға міндетті.
«Бұл жолдамалардың көтерілуіне әкеп соқпайды», - дейді мамандар. Жалпы, туристі сақтандыру құны жоғары болмайды. Шетелге шыққан сәттен бастап, ол 1 күнге 1 доллар төлейді. Заң жобасымен онлайн-сақтандыру жүйесін енгізу көзделген. Онлайн-сақтандыруды енгізу нәтижесінде халық кеңселерге бармай-ақ немесе агенттің көмегінсіз сақтандыру компаниялардың интернет-ресурстары арқылы сақтандыру шарттарын жасауға мүмкіндік алады.
«Сақтансаң Құдай сақтайды» дейді. Елімізде 32 компанияның жетеуі адамның өмірі, денсаулығын сақтандырады-мыс.
Бақытгүл Хаменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ауылдан келген қаракөз бауырларымыздың құрылыс компанияларында, қала берді қара жұмыста жүріп, талай арандап қалып жатқаны жасырын емес. Оқыс оқиғалардың кесірінен олардың денсаулығына зиян келгендігіне сіз де, біз де куәміз. Бірақ, ешқандай сақтандыру болып жатқан жоқ.
Осы орайда депутат аты бар да, заты жоқ омбудсмендердің немен айналысатынын сұрады. Әрине, қағаз жүзінде олар сегіз жылдың ішінде екі мыңға жуық істі шешуге қатысы болыпты. Ол үш жылда бір рет сайланады екен, бірақ, оны кім сайлайтыны беймәлім. Ал, депутат Зәуреш Аманжолова автокөліктерді сақтандыру мәселесіне тоқталды. Өйткені, көліктердің сақтандыруы тек бірінші жол-көлік оқиғасына дейін ғана.
Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ол кінәлі ме, кінәлі емес пе, сот арқылы шешім келгенше уақыт өтеді. Бүкіл дүниежүзінде егер де ЖКА болса, машинасын тастайды да, сақтандыру компаниясына қоңырау шалып, кете береді. Ал, бізде тұру керек, жұмыстан қалу керек, қайтып жаңа сақтандыруға өтуі керек.
Жанат Құрманов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
- Иә, ол сотқа жүгініп уақытын кетіреді. Осы аралықта сақтандырудан да айырылады. Біз бұл норманы қайта қарастырамыз.
Заңға сәйкес, жол апатында денсаулыққа зиян келтірілген жағдайда автосақтандыруға төленетін сақтандыру төлемдерінің мөлшерін 50 пайызға көтеру көзделіп отыр. Яғни, зардап шеккен тарапқа төленетін өтемақы мөлшері де қомақты болмақ. Заң жобасында 3 кодекске және 19 заңға өзгерістер енгізілмек.
Индира БЕГАЙДАР