Ақтөбе облысында марал шаруашылығы құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында марал шаруашылығы құрылды

07.11.2017

Еліміздің шығыс аймағынан әкелінген 150 бас жануар қазір Мәртөк ауданында өсіріліп жатыр. Келер жылдан бастап мұнда пантымен емдеу мекемесін ашу да көзделген.

Маралдар бір апта бұрын Шығыс Қазақстан облысынан әкелінді. Аз уақыт ішінде Ақтөбенің табиғатына жерсініп үлгерді. Шаруашылықта жануардың еркін өсуі үшін тиісті жағдай жасалған. Жайылым аумағы қоршалып, қысқы мал азығы әзірленді. Кәсіпкерліктің жаңа бағытын меңгеру үшін қожалық мамандары арнайы Өскеменге барды. Кәнігі шаруалардан марал өсірудің қыр-сырын үйренді.

Бану Тілегенова, кәсіпкер:

 - Маралдың күтімі ерекше. Атқа мініп, бағатын мал емес. Күтім қажет, егу қажет. Мүйізді кесетін уақыты да болады.

Марал мен теңбіл бұғы өсіру -  мал шаруашылығының бір бағыты. Басты өнім - жануардың жас мүйізі. Одан дәрі жасалады. Препараттар жүрек, қан-тамыр жүйесі, бұлшық ет, тыныс жолына аса пайдалы. Дертке дауа мүйізді уақытылы кесіп үлгеру қажет. Сондықтан, шаруашылық жұмысшылары әр маралдың жасы мен күтіміне баса назар аударады. 

Алмас Молданиязов,  мал дәрігері:

 - Маралдың барлық ағзасы пайдалы.  Еті, терісі, қаны.  Биологиялық белсенді қоспасы бар. Қартаймау үшін қажет. Операциядан кейін тонус береді.

Ақтөбе облысында марал шаруашылығын құру үшін мемлекет қолдау көрсетті. Жоба құнының 150 млн.теңгесі субсидияланған. Қазір шаруалар үшін басты мақсат - дала жануарын алты ай қыстан аман алып шығу. 

Әнуарбек МЫРЗАТАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу