Алматы облысының Текелі қаласындағы жаңа шойын балқыту зауыты тоқтап тұр. 8 млрд. теңге инвестиция құйылған өндіріс орны былтыр желтоқсан айында Мемлекет басшысының қатысумен ашылған болатын. Кәсіпорын басшылары «бірнеше айдың ішінде алғашқы өнімді шағырамыз» деп уәде еткен еді. Алайда, моноқаланың тіршілігін тіктейді деген ірі жоба сол қалпы жүзеге аспады.
Осыдан 11 ай бұрын зауыт іске қосылса, кеншілер шаһары қайта түлеп, 500-ден астам адам жұмыспен қамтылады деп жаһанға жар салған еді. Миллиардттаған қаржы салынған ірі жобаға Елбасы да ерекше сенім артқан болатын.
Алып қондырғы - домна пеші. Қазақстанда теңдесі жоқ. Қуаттылығы жылына 200 мың тонна шойын балқыту. Бірақ, әзірге дейін бірде-бір тоннасын балқытқан жоқ.
Зауыт қазір ішінара жұмыс істейді. Сәйкесінше, мұндағы жұмысшылар 15 күн істеп, 15 күн демалады. Демалған күндері жалақы төленбейді. Десе де, Саян Смағұлов үмітін үзбей жүрген жұмысшылардың бірі. Саян сынды 100 деген адам кәсіпорынның қайта іске қосылғанын күтумен жүр.
Саян Смағұлов, учаске шебері:
- Барлық тілегіміз - домна пеші толық іске қосылып, комбинаттың іске қосылуы.
Кәсіпорынның тұралап қалуының бір себебі, көктемде шойынның нарықтағы бағасы төмендеп, кокс құнының қымбаттап кетуі. Осыған қарамастан, жұмысты бастау комбинатты шығынға батырар еді. Ал, қазір баға тұрақталды. Бірақ, өнідіріс орнында айналымға қажет қаражат жоқ.
Александр Печоркин, Текелі кен байыту комбинаты директорының бірінші орынбасары:
- Біз былтыр несие аламыз деп жоспарлағанбыз. Айналымға қаражат керек. Оған шикізат және отын сатып алуымыз керек еді. Қазір банктермен келісімдер жүргізіп жатырмыз. Жыл соңына дейін алғашқы транш жасалуы тиіс.
Қаржы табылса, зауыт үш айдың ішінде жұмысын бастайды. Қосымша мамандар тартылады. Ал, толық қуатына шыққанда 800 адам еңбек етеді деп күтілуде.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ