Астық пен ұн тасымалдайтын вагон тапшы. Ақмола облысының Атбасар ауданына ғана қазан айында 1742 вагон қажет болған. Алайда, оның тек 338-і ғана келген. Салдарынан кәсіпкерлер тауарларын уақытылы жеткізе алмай, кірістің орнына шығынға батып жатыр. Әйтпегенде, биыл ақмолалық диқандар 5 миллион тоннадан артық астық жинады. Бидайдың сапасы жақсы, сондықтан сұраныс та жоғары.
Марат Нұржанов басқаратын кәсіпорында қазір өндіріс тоқтап тұр. Ал, өнім қоймада сақтаулы. Тауарды тұтынушыларына жеткізейін десе, вагон жоқ.
Марат Нұржанов, кәсіпкер:
- Біз негізі өнімдерімізді Ауғанстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға жібереміз. Қазір вагон саны жоқ, біз жібере алмаймыз, Сондықтан, біздің тұтынушылар Ресей мемлекетіне ауып кетіп жатыр. Бізге сатып алушылардың сенімі жоғалды.
Осылайша, бірнеше жылдар бойы орнатылған байланыс үзіліп жатыр. Келісімшартты орындамағаны үшін төленетін өтемақы тағы бар. Оның үстіне теміржолды пайдалану құны да қымбаттаған.
Дін-Могамед Асаев, кәсіпкер:
- Мысалы, Оңтүстік Қазақстанда орналасқан Қорғасын станциясын алсақ, 2013 жылы сол жаққа бір вагон жөнелту 126 мың теңге болған. Биыл 340 мың теңгеге жетті. Әрине, түсінеміз электр энергиясы, өзге де тауарлар қымбаттады. Бірақ, соншалықты емес қой. Делдал көп арада.
Егін шаруашылығымен айналысатындар жыл басында қарызға белшесінен батады. Есесіне күзде шыққан шығынның орны толатын. Бірақ, биыл жағдай басқа. Кіріс атымен жоқ. «Сол себепті несие, лизинг қарызын төлеу уақытын шегермесе болмайды», - дейді кәсіпкерлер. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы да мәселені көтерді. Анықталғаны, жүк тиелген мыңнан астам вагон Маңғыстау облысында тұр. Сарыағашта да шекара аса алмай тұрған вагондар көп.
Балғабек Ақпейісов, «ҚТЖ - жүк тасымалдау» АҚ Ақмола облыстық бөлімшесі директорының бірінші орынбасары:
- Ақтау портында қиыншылық көргеніміз қазір ақырындап шешіліп жатыр. Олар паромдарды көбейтті. Новоишимкадан, Көкшетаудан, Астанадан тіке пойыз шығарайын деп жатырмыз. Тура Тәжікстанға, Ауғанстанға баратын болады.
Жергілікті билік болса, бизнес пен теміржолшылардан арнайы штаб құрған. Алайда, олар да мәселенің нақты қашан шешілетінін дөп басып айта алар емес.
Жағдай өзгермесе, яғни, қажетті вагондар болмаса, орақ науқанында еңбек еткен тұрғындар жалақысыз қалуы мүмкін. Себебі, кәсіпкерлерде табыс жоқ. Далада жатқан астық бар екенін де естен шығармаған абзал. Сондықтан, диқандар мәселенің тез арада оң шешілуін үмітпен күтіп отыр.
Ермек ЕЛБЕРГЕН