Алматы облысында ет экспорттау жоспары орындалмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында ет экспорттау жоспары орындалмай тұр

01.11.2017

Алматы облысы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі бойынша елімізде бірінші орында. Аумағы жағынан да еліміздің ең ірі өңірінде 1 миллион ірі қара мал бар. Елдегі еттің 20 пайызы осы облыста өндіріледі. Алайда, зор әлеуеті болғанымен, ет экспорты бойынша жоспар орындалмай отыр.

Алматы облысында мал шаруашылығы жақсы дамыған. Алыс ауылдарды айтпағанда, қала маңында да мал бордақылау кешендері көп. Соның бірі  - «Қайрат» шаруа қожалығы. Әзірге мұнда 200 бас ірі қара мен 300 жылқы бар. Кәсіп иесі ет экспорттауға дайынмын деп отыр.

Саян Мамышев,  «Қайрат»  шаруа қожалығының басқарушысы:

- Болашақта бұдан да көбейтсек деп отырмыз. 1000 бастай сиыр, 500 бас жылқы сыяды. Мүмкіндігіміз бар. Қораларымызды толтырсақ экспортқа шығамыз деп отырмыз.

Расында да  облыстың әлеуеті мол, аграрлы өңір. Мұнда  елдегі сояның 97, жүгері мен қант қызылшасының 64 пайызы, жеміс-жидектің  37 пайызы өндіріледі. Еттің де 20 пайызы осы өңірге тиесілі, облыста 1 миллион ірі қара мал бар.  Соған қарамастан,  ет экспорттау межесі орындалмай отыр. Оның себебін біз әкімнен сұрадық.

 Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

- Қазіргі кезде жоспарға жеткен жоқпыз. 800 тонна жоспарымызда бар. Әкімдер жылдың аяғына дейін тапсырамыз деп уәде беріп жатыр.

Мәселені шешу үшін облыс әкімдігі немістің атақты «Бауман» компаниясымен жоба бастаған. 90 жылдық тарихы бар трансұлттық компания облыс аумағынан ет өңдейтін кешен салмақ. Инвестжоба құны - 7,1 миллиард теңге. Бірінші кезеңде 15 мың тонна ет өңделіп, 700 адам жұмыспен қамтылады. Өңірдегі ет экспорттау мәселесі осылайша шешілмек.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу