Бюджетке енгізілетін өзгертулер қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бюджетке енгізілетін өзгертулер қаралды

01.11.2017

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында 2017-2019 жылдарға республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мақұлданды.

Жиында баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бюджет түсімдері ұлғайғанын жеткізді. Сондай-ақ, депутаттар Астана-Павлодар тас жолының құрылысы келесі жылы аяқталатынына сенімсіздік білдірді. Осы орайда депутат Айқын Қоңыров 50 млрд. теңге көлемінде бюджет қаражатын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына бөлу тиімсіз деген пікірін білдірді.

Жасы 70-тен асқан Естай Саматов Шығыс Қазақстан облысы Дөненбай ауылында тұрады. Бұл елді мекендегі тіршілік нәрін 4 құдық пен жалғыз бастаудан тасып ішіп отыр. «Қоршау болмағаннан кейін мал да осында жиналады. Қосымша құдық қазғанмен, ащы су ішуге жарамайды», - дейді тұрғындар.

Естай Саматов, Дөненбай ауылының тұрғыны:

 - Қыстың күні мүлдем су ала алмаймыз. Өйткені, қар басады. Кей уақытта ашылады, кейбір уақытта ашылмайды. Қарды ерітіп ішеміз.

Осы ауызсу мәселесін депутаттар Үкіметтің алдында үнемі көтереді. 2017-2019 жылдарға арналған бюджетті нақтылау кезінде бұл мәселе назардан қалған жоқ. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға қосымша 7 миллиард 400 млн теңге бөлініп отыр.  Жалпы, тегін медициналық көмекті дамыту, автомобиль жолдарын салу, білім беру сияқты маңызды салаларға басымдық берілмек.

Баспана мәселесі талай адамның базынасына айналды.  «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша шамамен 20 миллиардқа жуық ақша бөлінеді деген жоспар бар еді.

Нұрлан Дулатбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Сіздер 18 миллиард теңгені азайтып отырсыздар. Келесі жылдарға  27 миллиардқа жуық ақшаны бюджетке қарастырып отырсыздар. Осы проблемалар тағы да біздің алдымыздан шығып жүрмей ма?

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Осы жылдың жоспары бойынша біз осы бағдарламаның арқасында  10 миллион шаршы метр тұрғын үйді іске қосуымыз керек. Ол нақты айтқанда, 100 мың пәтер.

Бюджетте 7,3 млрд теңге жол жөндеу жұмыстарына қарастырылады деп жоспарлап отыр. Бұл қаражат Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Ақмола облыстарына бөлінбек.

Сапар Ахметов,ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:  

 - Жылдың аяғына дейін екі-ақ ай қалды және бірер аптадан соң қар түседі. Бұл бөлінген қаржы жолдың сапасына әсер ететіні сөзсіз. Сіздің министрлікте «Автомобиль жолдары» комитетімен және жергілікті әкімдіктермен осы мәселені ескердіңіздер ме?

Салаға жауапты министр бұл республикалық маңызы бар жолдар болып саналады. Қазір бұл жолдарға қатысты жұмыстар белгіленген мерзімнен  озып келе жатыр және қыс уақытында жөндеу жұмыстары тоқтатылады деді.  Депутаттар бюджеттің жоспарлау тәсілдерін әлі де жетілдіру керек, - дейді. Мемлекет шаруалардан астық сатып алуды ұлғайтса деген пікір айтылды.

Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Гектарына 15 центнерден өнім алғанымен шаруалар жанармай, құрал-саймандардың бағасының өсуінен пайда көрмей отыр. Заңмен жұмыс істеу барысында әрі қарай Үкімет резерві болуы тиіс деп ойлаймын.  Мысалы, Кедендік Одақ аясында бір мемлекетке 100 миллион теңге құқықтық көмек көрсету көзделсе,ол шамамен 600 мың тонна астық. Екі есе артық сатып алып қоюымыз керек.

Жалпы,  бюджет шығыстары мен тапшылығын 14,1 млрд. теңгеге қысқарту ұсынылды. Кіріс - 9 трлн. 691,5 млрд.теңге, шығыс - 11 трлн. 177,4 млрд. теңге. Депутаттар құжатты бірауыздан мақұлдап, Сенат қарауына жіберді.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу