Сирия мен Ирактың қақтығыс аймақтарында қазақстандықтар бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сирия мен Ирактың қақтығыс аймақтарында қазақстандықтар бар

12.12.2017

2017 жылы елімізде террористік сипаттағы 11 акцияның жолы кесілді, ал, Сирия мен Ирактағы қақтығыс аймақтарында әлі де қазақстандықтар бар. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков айтты. Қазір елімізге соғыс ошақтарынан 63 бала қайтарылды, тағы 50-і келеді деп күтілуде. Олар имани иммунитетін жоғалтып, өз үйінің шырағын жаттың жарығына айырбастағандардың балалары болуы мүмкін. Өкінішке қарай, Сирия мен Ирактың шекарасында 16 жасқа дейінгі 390 жасөспірім бар. Оларға қауіп төніп тұрғаны белгілі. Қазіргі таңда әскери қақтығыс орнынан оралғандарға жүйелі түрде дерадикализациялау жұмысы жүріп жатыр. 

Нұрғали Білісбеков, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:

- Бүгінде бұл сан шындыққа жанасады деп толық сеніммен айта алмаймыз. Олар белсенді әскери қимылдар жүріп жатқан аумақта. Ол балалардың бәрі тірі ме, жоқ па, анық айта алмаймыз. Бомбалап жатқан аймақтарда Қазақстан азаматтары бар деген хабар алып отырмыз. Тексеруге тырысқанымызбен, бұл өте күрделі жұмыс. Онда консулдық қызмет те жоқ, жергілікті билік те жағдайды бақылауда ұстап отырған жоқ.

Жалпы, Сенат комитетінің отырысында экстремизм мен терроризмге қарсы заң жобасына енгізілетін өзгертулер қаралды. Ол қару-жарақ сататын дүкендердің жұмысын ретке келтіруді көздейді. Өйткені, 68 дүкен талаптарға сәйкес келмеген, сондықтан, оны көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу