«Алматы жастары» бағдарламасы жүзеге асуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алматы жастары» бағдарламасы жүзеге асуда

01.11.2017

«Баспана болмаған соң, үйлене алмай жүрміз». Алматылық жастар осылай дейді. Олардың 80 пайызы қазір жалдамалы пәтер жағалап жүр. Енді жергілікті билік осы мәселені шешу үшін «Алматы жастары» атты жаңа бағдарлама енгізді. Оны іске асыруға қала бюджетінен 1 млрд. теңге бөлінді.

Бауыржанның Алматыға келгеніне 6 жылдан асқан. Оқуға түсті. Жұмысқа орналасты. Сөйтіп, қалада тұрақтап қалды. Бірақ, екі жылдан астам жұмыс істесе де, баспана алуға қаржы жинай алмады. Себебі, тапқан-таянған ақшасының тең жартысынан көбін пәтер ақысына жұмсайды. Мегаполистен үй алуды армандайтын ол жаңа бағдарламаны естіп шын қуанды.

Бауыржан Жақсымбет,  қала тұрғыны:

- Айына 80 мың теңге пәтерге кетеді. Онда іні-қарындастарыммен тұрамын. «Алматы жастары» деген бағдарлама бойынша үй алуға тіркеуге тұрдым. Бұл біз үшін  бір жағынан өте тиімді.

Бағдарламаның жастарға тиімді тұсы көп. Біріншіден, алғашқы жарна талап етілмейді. Оның үстіне пайыздық үстеме де төмен. Яғни, көлемі 10 млн. теңгеге дейінгі несие «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 5 процентпен 3 жылдан 25 жылға дейін беріледі.

Шыңғыс Бескемпіров,  қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы:

- Бұл бағдарламаның басты талаптарының бірі - кем дегенде Алматы қаласында бір жыл тұруы керек. Одан бөлек, жарты жылдай жұмыс өтілімі болуы қажет.

Жұмыс болғанда да, мемлекеттік қызмет болуы шарт емес. Сауда-саттық орындарында немесе қалада тіркелген кез келген ұйым болады. Тек бір талабы бар. Яғни, пәтер жаңа үйден болуы тиіс. Сондықтан, жастардың таңдауына биыл пайдалануға берілген 10 тұрғын үй кешені ұсынылды. Тіпті, бағасына да жеңілдік жасалды. Айтсақ, бір бөлмелі пәтердің құны шамамен - 7 млн теңге тұрады.

Дәурен Бабамұрат,  «Болашақ» республикалық қозғалысының жетекшісі:

- Әзірге бұл бағдарлама тек акция секілді. Себебі, 100-ақ отбасы алады.

Жаңа бағдарламаға тіркелу үшін «Алматы жастары» атты арнайы сайт ашылды. Дәл қазір 4 мыңға жуық азаматтан өтініш түскен. Ал, кезекке тұру осы аптаның соңында аяқталады.

Атқарушы билік жастар үшін тиімді жобаны жыл сайын жалғастыруды жоспарлап отыр. Өйткені, бүгінде алып шаһарда 35 жасқа дейінгі 800 мың тұрғын бар. Ал, олардың дені үйсіз жүр.  

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу