Бас бостандығынан айырылғандар саны азайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас бостандығынан айырылғандар саны азайды

31.10.2017

Қылмыстық атқару жүйесін ізгілендіру – құқықтық мемлекет құрудағы басты межелердің бірі. Заңдағы соңғы өзгерістер осы бағытта айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, 2008 жылы еліміз бойынша қамаудағы адамдар саны 57 мың болса, биыл бұл көрсеткіш 35 мыңға азайған. Тек Қостанай облысында 2017 жылы 121 адам мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.

Александар есімді азамат 2006 жылы кісі қанын мойнына жүктеп, 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Түзелу жолына бет бұрғандықтан, бір жыл бұрын мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Қазір теміржолда жүк тиеуші болып жұмыс істейді. Үйленген, перзент сүйген. Ендігі мақсаты - ел қатарлы еңбек ету, отбасына жағдай жасау. Өткен өмірін есіне алғысы келмейді. Сондықтан, түсіру тобынан бет-жүзін көрсетпеуді өтінді. 

Александр, мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан азамат:

- 10 жыл сегіз ай қатаң режимдегі жазасын өтеу мекемесінде отырдым. Сонда жүріп үйлендім. Бостандыққа шыққаныма бір жыл болды. Енді алдағы уақытта балама жақсы үлгі көрсетіп, қоғамның толыққанды азаматы болуды мақсат тұтамын.

Учаскелік инспектор Ерік Ваисов өзіне тиесілі аумақта Александар тәрізді мерзімінен бұрын босаған 10 адам бар екенін айтады. Шартты жазаға тартылғандармен бірге олардың бәрі арнайы есепте тұр. Мұндай азаматтардың әрбір басқан қадамы айрықша бақылауда болады.

Ерік Ваисов, учаскелік инспектор:

- Бізге бұл тұрғыда пробация қызметі де көмектеседі. Басты мақсат - шалыс басқандардың түзу жолға түсуіне ықпал ету. Жұмысқа орналасуына, қажет болса кәсіби білім алуына жәрдемдесеміз.

Қостанай облысында жыл басында 2388 адам қамауда отырған болса, күні бүгінге дейін соның  – 592-сі бостандыққа шыққан. Сондай-ақ, аймақта қылмысты ашу деңгейі артқанымен, күдіктілерді қамауға алу көрсеткіші барынша азайып отыр.

Нұриддин Дауылбаев, облыстық ІІД бастығының орынбасары:

- Осыдан 10 жыл бұрын 2008 жылы 1184 адам қамалып, істері сотқа жолданған болатын. Ал, бүгінгі таңда қылмыстық істер саны көбейіп, қамаудағы азаматтар санын 1184-тен 418-ге азайтып отырмыз.

Қамаудағы азаматтар санының азаюына медиация туралы заң да оң әсер етті. Мысалы, 10 жыл бұрын жәбірленуші мен айыпталушының ымыраласуы арқылы небәрі 537 қылмыстық іс тоқтатылса, биыл бұл көрсеткіш 1509-ға жеткен. Алайда, мұндай жеңілдіктер ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға қолданылмайды.

 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

 

Хабарламаларға жазылу