Бүгін - Еңбек күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Еңбек күні

27.10.2017

Бұл еліміздегі 9 млн жұмысшының төл мейрамы деген сөз. Өйткені, олар  жұмысқа жарамдылар санатында. Осыдан үш жыл бұрын Елбасының  Жарлығымен бекітілген ерекше мереке  елдің дамуына өзіндік үлес қосқан еңбеккерлерге алғыс айту мақсатында тойланып келеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапты.

Мерекелік шара ең әуелі аға буын өкілдеріне  алғыс айтудан басталды. Тәуелсіздікке дейінгі қиындықты еңсеріп, ел дамуына сүбелі үлес қосқан 8 қарияға «Еңбек ардагері» деген атақ берілді. Мұның арасында өмірінің 70 жылын сахнаға арнап келе жатқан қазақтың күміс көмей әншісі Бибігүл Төлегенова бар.

Бибігүл Төлегенова, ҚР Халық әртісі:

 - Адам еңбек ететін болса, қандай асуды болсын бағындырады. Сондықтан барлығымыз жасымызға қарамай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еңбек етуіміз керек.

Ал, Жұбанышевтар шаңырағындағы  21 адам өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап теміржол саласында жұмыс істеп келеді.  Отбасы мүшелерінің еңбек өтілі  420 жыл. «Үздік еңбек әулеті» атағы дәл осы отбасына бұйырды.

Жұбанышевтар әулеті:

 - Менің аталарым-апаларым бәріміз жұмыс істедік. Алда қарайтын адамдарымыз болды. Өте қуаныштымыз.

Ал, Нұржамал Төлеуова басқарып отырған  бала-бақша аумағында  жеміс-жидек, көкөніс, гүлдер өсіріледі. Балалар оларды баптау, жинау, пісіру, тіпті сату жұмыстарында көзбен көреді. Осылайша, өскелең ұрпақты еңбекке баулыған басшы да назардан тыс қалмады.

Нұржамал Төлеуова, «Қайрат» балабақшасының меңгерушісі /ОҚО/:

 - Үлкендердің еңбегін бағалау, еңбектің қадірін қазірден бастап түсінсе дейміз. Сол жөнінде бағыт-бағдар береміз.

Елімізде еңбек етемін дегеннің екі қолына бір күрек табылады. Тек ниет болса болғаны. Биылдың өзінде 400 мың адам жұмыспен қамтылған.  Арнайы бағдарлама халықты еңбекпен қамтиды. Оқытады. Тіпті кәсіп ашуға несие де береді. Жалпы, еліміздегі 18 млн халықтың 9 млн-ы – еңбекке жарамды, 8 млн 600 мыңы – жұмыс істейді,  6 млн 300 мыңы – жалдамалы қызметте, 2 млн-ы – өз-өздерін жұмыспен қамтыған.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Экономикалық белсенді топтың  28  пайызы тек орта біліммен шектелген. Сондықтан да қазір оларды қайта оқыту, кәсіптік техникалық білім беруге, 21000, қысқа мерзімді оқытуға 53  мың адамды жібердік.

Салтанаты кеште әлеуметтік салаға серпін берген бірқатар мамандардың да еңбегі еленді. Жиын соңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, әсем ән мен күмбір күй көптің көңілін көкке өрлетті. 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу