Оңтүстікте жемістен рекордтық өнім  жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстікте жемістен рекордтық өнім  жиналды

26.10.2017

Оңтүстік Қазақстан облысында биыл бұрын-соңды болмаған көлемде жеміс жиналды.  Ала жаздай тынбай еңбек еткен бағбандар 120 мың тонна өнім теріп алды. Шаруалар мұндай табысқа озық технологияларды пайдаланудың  арқасында қол жеткізді. Бүгінде өңірде 58 мың гектар алқап тамшылатып суарылады. Бұл - еліміздегі осындай технологияға негізделген егіс алқабының 72 пайызы. Ал, интенсивті алма бағының көлемі 3 мың гектарға жуықтады.

Сайрам ауданындағы шаруашылық 100 гектар жерді алма бағына айналдырды. Қазір мұнда голден делишес, гренни смит және фуджи секілді алманың бірнеше түрі өседі. Осыдан үш жыл бұрын егілген ағаштар ауа райына тез бейімделіп, жылдам тамыр жайды. Өзге дақылдан гөрі пайдасы да  көбірек. Гектарынан 50-60 тоннаға дейін өнім жиналуда. 

Сапарбек Ержігітов, серіктестік жетекшісі:

 - Ол біріншіден су үнемдеу. Тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды нақты әр алмаға беруге мүмкіндік туады және де қарқынды баудан жылда өнім алады. Биыл біз өзіміз 100 гектардан 1,5 мың тонна көлемінде алма алып жатырмыз.

Облыста ағашы аласа болғанымен, жылда мол жеміс беретін осындай бақтың аумағы биыл 2 мың 800 гектарға жетті. Онан бөлек, 1 миллион 300 мың тоннаның бақша өнімі жиналды. Биылдың өзінде өңірде 2 жарым мыңдай мал бордақылау кешені, 10 балық шаруашылығы мен 656 отбасылық сүт фермасы іске қосылды. Шаруалар кейінгі жылдары тек өнім өсірумен шектелмей, оны өңдеуге де ден қоя бастаған. Қазір өңірде ет пен сүттен тұтынуға дайын өнім шығаратын 100-ден астам кәсіпорын  және 39 жеміс-жидек өңдеу цехы  жұмыс істейді.

Серік Тұрбеков, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- 376 млрд теңгеге 9 айда өнім өндірдік. Ол былтырғымен салыстырғанда 57 млрд-қа артық. Экспортымыз 6 пайызға өсіп, 24 млрд болды. Импортымыз  4 пайызға азайды. Демек, облыс өз-өзімізді қамтамасыз етуде үлкен жұмыс жасалынды.

Дархан пейілді диқан қауымы мерекеде қала халқына да үлкен тарту жасады. Орталық алаңда жәрмеңке ұйымдастырылып, жұрт қысқы азық-түлігін қамдап алды. Шат-шадыман көтеріңкі көңіл-күймен аталып өткен «Алтын күз» мерекесінде  «жылдың  үздіктері» анықталып, оза шауып олжа салғандар жұрт алдында марапатқа ие болды.

Оңтүстікқазақстандық шаруалар осылайша биылғы  берекелі күзді  мерекелі  той  жасап,  толайым  табыспен  шығарып  салды.                    

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу