RBK банкі күнделікті есеп шоттары мен депозиттерден қолма-қол ақша беруді тоқтатқан соң оның залалы студенттер мен ұстаздарға да тиіп отыр. Павлодарда 6 мыңға жуық студент екі айдың шәкіртақысын, мыңға тарта ұстаз еңбекақыларын ала алмай отыр. Инновациялық Еуразия университеті коммуналдық қызмет мекемелері мен салық органдары алдындағы қарызын екі айдан бері өтей алмай отыр.
Дулат Мұхсиын «Серпін» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Қазақстаннан келіп, біліп алып жатқан студент. Бүгін қалаға шығып жұмыс іздеп қайтты. Себебі, ішіп-жемге жұмсаймын деген 20 мың теңге шәкіртақысы қолына тиер емес. Шарасыздықтан ата-анасынан көмек сұрауға мәжбүр.
Дулат Мұхсиын, 1 курс студенті:
- Міне осы тоңазытқышымыз бос. Тек қана шәкіртақыға өмір сүреміз. Қарнымыз аш дегендей, екі ай болды.
Инновациялық Еуразия университетінің басшылығы екі айдан бері RBK банкінің табалдырығын тоздырды. Бірақ, әлі күнге дейін төлем жасалған жоқ. Шәкіртақы бойынша қарыз 20 миллионға жетті. Ал, ұстаздарға берешек қаржы 60 млн.теңге көлемінде.
Лариса Фрезоргер, Инновациялық Еуразия университетінің вице-президенті:
- 6 мыңнан аса студенттер мен 950 ұстаз RBK банкінің директорлар кеңесі мен төрағасына мәлімдеме жасауды ұйғарды. Банк басшысы Жолдыбаева бізге қаржы кесте бойынша түседі деп жазбаша түрде кепілдеме берген болатын. Бірақ, енді біз оған сене алмаймыз. Әсіресе, студенттерге қиын. Университеттің тиісті мекемелер алдындағы қарызы өсіп барады.
Мәселенің анық-қанығын білмек болып, банк өкілдігіне хабарласқанымызбен олар мән-жайды түсіндіруден бас тартты. Ал, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев бұқаралық ақпарат құралдарына RBK банкіндегі қалыптасқан жағдайды шешудің түрлі амалдары қарастырылып жатқанын айтты.
Болат АМАНБАЕВ