Қырғызстан шекарасы арқылы Қытайдан заңсыз тауар өткізу тоқтамай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғызстан шекарасы арқылы Қытайдан заңсыз тауар өткізу тоқтамай тұр

26.10.2017

Еуразиялық экономикалық одақтың кеден салықтары бойынша артық шығынды болдырмау үшін ұйымға мүше елдер мәселені бірлесіп шешуі керек. Еліміздің экономистерінің пікірі осыған саяды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Ереванда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңесте осы мәселені көтерген болатын. Үкімет басшысының айтуынша, Қытайдың тауарларын Қырғызстан арқылы өткізуінен Одаққа кіретін елдер, оның ішінде Қазақстан миллиондаған доллар көлемінде зиян шегіп отыр.

Еревандағы кездесу Еуразиялық Одақтың біраз мәселесінің басын ашып берді. Ортақ бюджетке түспей қалған қаржының қомақтылығы айқын көрінеді.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден салығы бойынша 3 жылда жоғалтқаны 828,6 миллион доллар екен. Оның ішінде Қазақстанға 59,3 миллион доллар көлемінде шығын келген. Залалдың басым бөлігі Қытайдың басқа елдерді айналып өтіп, тауарларын Қырғызстан арқылы кіргізуінен болып отыр. 

Сапарбай Жобаев, Экономика ғылымдарының кандидаты:

- Қазір Қазақстанға, Ресейге шығаратын нәрселерін олар Қырғызстан арқылы өткізуге әрекет жасап отыр. Сонда олардың өндірген өнімі біздің Орта Азия мемлекеттерде, Еуроодақ мемлекеттерінде бәсекелестігі жоғары болады. Себебі, арзанға келеді. Біздің өзіміз де, Қазақстан тұтынушылары Қазақстанға Қырғызстан арқылы келген Қытай тауарларын арзанға аламыз да, өзіміздің өнімдер, Ресейден шыққан өнімдерді қолданбауымыз мүмкін.

Осындай жағдайдан одақ импорттың қосылған құн салығы бойынша 1 млрд 870 млн доллар шығын көрді. Қазақстанға келген залал 212 млн доллар. Басты импорттаушы ел Қытайдан келетін тауар бойынша сандар да көңіл көншітпейді.  

2014-2016 жылдар аралығында баж салығының түсімі Қазақстанда 18, Ресейде 5, ал Беларусьта 1,5 пайызға жуық төмендеген. Ал, Армения мен Қырғызстанда керісінше өскен. Біріншісінде 2,2 есе, екінші мемлекетте 6,2 есеге артқан екен.

 Альбина Әшім, тілші:

 - Сондай-ақ, көрші елге  әкелінетін тауардың кейбір түрі халық санымен сәйкес келмейтінін де байқауға болады.  Мәселен, 2016 жылы Қырғызстанға адам басына 1,3 келі киім-кешек әкелінсе, Ресейде бұл көрсеткіш 0,03 келі болған. Ал, әрбір қазақстандықтыққа тек 0,02 келі, яғни 200 грамм ғана шүберек бұйырған. Сонда Қырғызстанға  әкелінетін киім-кешек Қазақстанмен салыстырғанда  65 есеге артық екен.

Одаққа ортақ олқылықты 5 мемлекет бірлесіп шешпесе, бір Қырғызстанның қауқары жетпейді, - дейді сарапшылар.

Сапарбай Жобаев, Экономика ғылымдарының кандидаты:

 - Бір ережеден екінші жағдайға өту өте қиын. Себебі, 10-15 жылдан бері ДСҰ-ң еркін мемлекеті болғаннан кейін Қытаймен арасындағы сауда өте еркін болып, мына Орта Азиядағы мемлекеттерге салығы жоғары болғаннан кейін Қытай Қырғызстанға беріп үйреніп қалған. Сондықтан, Қырғызстан бұрынғы жағдайынан шығып кетуіне біз Еуроодақ мемлекеттері жәрдем беруі керек еді.

Сауда-экономикалық саладағы осындай олқылықтар одаққа мүше елдердің шекарасындағы жағдайды қатаң бақылауда ұстау керектігін көрсетті. Дегенмен, одаққа мүше елдер өзара түсіністікті жоғарып қойып, бұл мәселелер оң шешіледі деген үміт басым. 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу