Алматыда азық-түлік бағасы тұрақты. Себебі, сауда орталықтарындағы тауар бағамын қала басшысы тікелей қадағалап отыр. Нәтижесінде, әлеуметтік тауарлардың құны өспеген, баз қалпында. Тұрғындар дегбірсізденбей, қажет тауарды дүкендерден бұрынғы бағамен сатып алуда.
Доллар құны өсті, дегенді естіген халық кеше біраз әбігерге түскен. Өйткені, жұрт жаппай қымбатшылықтан қорқады. Алдымен дүкенге жүгіріп, қалтасын қағып арзан бағада азық-түлік алып қалуға тырысады.
Соның бірі - Халима Ермағамбетова. Әдеттегідей үй маңындағы көкөніс сататын дүңгіршекке келген ол, баға тұрақтылығына таң қалды.
Халима Ермағамбетова, қала тұрғыны:
Барлығы бұрынғы бағамен. 5,10 теңге айырмашылық болуы мүмкін.
Өздеріңіз көргендей ұн бағасы қолжетімді. Қазір қала тұтынушыларының азық-түлікке деген сұранысының 20-25 пайызын «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қамтамасыз етіп отыр. 18 түрлі өнімді мегаполис дүкендеріне жеткізетін ұжым былтыр 16 мың тонна тауар сатып, жергілікті бюджетке 1 миллиард теңгеден аса қаржы құйған. Биыл да 13 мың тоннаға жуық 722 миллион теңгенің өнімін дайындады.
Жарқын Сәрсенбаев, «Алматы азық» ЖШС Бас директоры:
Бізде жыл бойы баға тұрақты. Нарықтағы бағалардан 15-20 пайыз төмен бағамен сатылады. Әсіресе, әлеуметітк маңызы бар тауарлар. Сатып алу, сату бағасын комиссия шешеді.
Тұрақтандыру қоры бекіткен бағаға сәйкес, Алматыда азық-түлік құны әзірге тұрақты. Жергілікті билік күніне екі рет баға нарығын бақылап, халықтың әл-ауқатын әлсіретпеуге тырысуда.
Жазира ИСАЕВА