Шымкентте әкімдік қызметкерлері қоғамдық көлікпен қатынауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте әкімдік қызметкерлері қоғамдық көлікпен қатынауда

17.10.2017

Шымкент қаласының әкімі мен орынбасарлары, бөлім басшылары, басқа да бірқатар лауазым иелері бүгіннен бастап қызметтік көліктерін қаңтарып қойып, ел қатарлы қоғамдық көліктермен  жүріп жатыр. Өйткені, автобустардың қызметіне жолаушылар тарапынан айтылатын сын-ескертпе азаймай отыр.

Шаһар басшысының  кешегі сөзінен соң Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев бүгін таңертең жұмысқа автобуспен келді.

Қуатжан Жұматаев, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

 - «Бекжан» базарынан міндім. Қазір келгенше 28 минутта жетіппін. Біраз аялдамада тұрдым. Билет берілді. 

Әл-Фараби ауданының әкімі де жұмыс орнына әдеттегідей қызмет көлігімен емес, қоғамдық автобуспен жетті.

Бауыржан Қалжан, Әл-Фараби ауданының әкімі:

 - №27 бағытпен келдім бірінші. Ол жерде билет те береді. Автобус іші таза. Екінші №69 бағытпен келдім. Ол жерде де жақсы.

Көпшілік қала әкімінің  мұндай қатқыл мәлімдемесі мен тосын шешімі қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсартуға едәуір ықпал етеді деген сенімде. 

Айғаным Мейірбек, студент:

 - Біз көбінесе әкімді суреттен көреміз. Теледидардағы репортаждан көреміз. Шын өмірде көріп жатсақ біздің көп мәселемізді шешеді деп ойлаймын.

Шымкентте орта есеппен күнделікті 500 мыңдай адам қоғамдық көлікпен қатынайды. Көпшілік бағыттарда автобус ескі. Жұртшылық арасында осыны айтып, биліктегілердің кезекті мәлімдемесін пиар қадам деп бағалап жатқандар да жоқ емес.  

Асқар Айболов, қала тұрғыны:

 - Айтылған сөз айтылған жерде қалады. Мысалы, олардың автобусқа мінген- мінбегенін кім қадағалайды. Жай, көзбояушылық.

Әкімдіктегі қызметтік көліктер бүгін тұрақтан шыққан жоқ. Жүргізушілері ақылы демалысқа жіберілді. Бұл шара бір айға созылмақ. Осы мерзім ішінде әрбір лауазым иесі қоғамдық көліктегі өздері кез болған мәселелер мен проблемаларды анықтап, арнайы орталыққа хабарлауы тиіс. Осыған қарай кейін тиісті шара қабылданады. Ал, қызметтік көліктен үнемделген қаржы сыйақы есебінде әкімдіктегі орта және төмен буындағы қызметкерлерге үлестіріліп берілмек.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу