Қазір «Қордай» шекаралық бақылау-өткізу пунктінен жолаушылар қиындықсыз өтіп жатыр. Десек те, шекара қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. Көліктер Қырғызстанға емін-еркін өтуде. Тек кезек таңертең болады. Басқа уақытта кезек жоқ. Ал, Қырғызстан шекарасында адамдардың кезегі мен көлік кептелісі әлі толастамай отыр.
Алмат Әбдіраман, тілші:
Біз қазір Қазақстан-Қырғызстан шекарасының маңында тұрмыз, артымызда «Қордай» кеден бекеті. Біз жақтан ешқандай адамдардың кезегін көріп тұрған жоқпыз. Тек Қырғызстан кеден бекеті жағында адамдардың кезегі әлі саябырсымаған. Ары-бері қатынап жатқан азаматтар солай, - дейді. Ал, бұл жағдайға байланысты біздің шекарашылар қандай да бір мәлімет беруден бас тартты.
Осыған дейін Қазақстан-Қырғызстан шекарасында бірнеше шақырымға созылған кептеліс болғанын айтқанбыз. Десек те, екі күннен бері Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасында жолаушылар әлі де дүрлігіп жатыр. Қырғыз тарапы көліктерді өткізу ережесін күшейтті. Себебі, көрші елде Президент сайлауына дайындық өтуде. Бірақ, бұған 2-3 сағаттан аса кезегін күтіп, Қазақстанға әрең өткен қырғыз азаматтары наразылық танытты.
Гүлнұр Ешбаева, Бішкек қаласының тұрғыны /Қырғызстан/:
- Ортада көпірдің үстінде кептеліс болып жатыр ал, Қазақстанда жоқ. Екі адаммен өтіп жатыр.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, біздің тараптан қазір жоспарлы шекара операциясы жүріп жатыр. Яғни, заңнамаға сай, жеке тұлғалар мен көліктерді, жүктер мен тауарларды тексеру күшейтілді. Мәселен, 10-11 қазан күндері 112 шекара режимін бұзғандар анықталды. Оның 55-і Қырғызстан азаматы. Көлік тексеру кезінде де экономикалық контрабандалық дәйектер тіркелген. Өйткені, тек екі күннің ішінде 35 Қырғыз тасымалдаушылары Қазақстанның көлік заңнамасын бұзған.
Бұл тағы да сол көрші елдің шекарасынан әрең өткен азаматтың жанайқайы. Ал, «Қордай» шекаралық бақылау-өткізу пунктінде жолаушылардың көрші елге өтуіне еш шектеу жоқ. Біздің түсірілім тобының да Қырғызстанға өтуге мүмкіндігі болды. Алайда, арғы беттегі ұзын-сонар кезек барын әрі-бері қарай өту үшін уақыт жоғалтатынымызды ескеріп, «Қордай» бекетінде қалдық.
Құралай Мұхамбетжанова, Жамбыл облысының тұрғыны:
- Тыныш отырған халықтың бұл жерде ешқандай кінәсі жоқ. Қарапайым халық біз таңертеңнен бері күтіп, баласымен, аяғы ауыр келіншектердің қанша қиналып жатқанын көріп шошып келе жатырмыз. Бұл жерде тек қана қарапайым халық қиналып жатыр.
Ресми мәліметке сай, Қырғызстан шекарасындағы ушыққан жағдайға байланысты аталған ел ведомствосы жолаушылардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрады. Десек те, адамдардың кезегі азайған жоқ. Ал, көліктердің кептелісі әлі де жалғасып жатыр.
Алмат ӘБДІРАМАН