Мерейлі отбасы – мемлекеттің тірегі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мерейлі отбасы – мемлекеттің тірегі

11.10.2017

 Биылғы жыл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде Отбасы жылы болып жарияланған. Біздің ел отбасыны қашанда ел тұтастығының бірден-бір кепілі деп біледі. Әр тұтас елдің бейнесін қалыптастырады. Сәйкесінше, бүгінгі күні де мемлекетіміз отбасылық құндылықтардың сақталуына, дамуына аса мән беріп отыр. Тіпті, ынтымағы ырыспен қуатталып, еңбегі елдің игіліне жұмсалып жатқан өнегелі отбасыларды көпке көрсету, дәріптеу қолға алынған. Үш жылдан бері Елбасының бастамасымен елімізде «Мерейлі отбасы» атты ұлттық байқау да ұйымдастырылып келеді.

Олардың шаңырақ құрғандарына биыл 46 жыл. Ұл-қызды тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп отыр. Кендай ағамыз құрметті теміржолшы. Күлән апамыз да сол салада зейнетке шыққан. Жалпы, Ахметовтер әулетінде 46 жанұя өмірін шойын жолмен байланыстырған екен. Ел үшін еңбек етіп, өнеге көрсеткен олар «Мерейлі Отбасы» байқауының алғашқы қатысушыларының бірі.

Кендай Ахметов, құрметті теміржолшы:

- Осы таяуда өткізілгенде бізді шақырды. Қадірлі қонақ ретінде. Сонда көрдік. Өте көп адамдар ұсынып жатыр. Тартылып жатыр. Мерейлі отбасы болсақ екен деп. Бұл өзі халқымызға жақсы өсиет нәрсе деп ойлаймын.

Расында да, түрлі отбасылық байқаулар мен шаралардың арқасында талай жанұя тұтас елге танылды. Бірі еңбегімен, басқасы өнерімен еленді. Көпбалалылары көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Бұл жанұялар - болашақ жанұялардың тәрбиесіне тікелей ықпал етеді.

Күлән Ахметова, «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының жеңімпазы:

- Мың да бір рахмет Елбасына, осылай жанұяларды көтеріп, көрсетіп жатқанына. Мақтаныш тұтамын. 

Сондай-ақ, жыл сайын республикалық деңгейде әкелер мен аналарға арналған семинар, конференциялар өтуде. Ондағы мақсат – отбасы құндылығын сақтап қалу. Сол арқылы жетімдер мен тастанды қарияларды болдырмау. Себебі, әр отбасы – мемлекеттің бүгіні мен болашағы.

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу